Атыраудағы ойын-сауық орталығындағы өрт неден шықты?
Атырауда ойын-сауық орталығындағы өртке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Алдын ала болжам бойынша өрт тоқ желісінің қысқа тұйықталуынан болған. Нақты себебін анықтау үшін қазір облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тексеріс жүргізіп жатыр. Жалпы ойын-сауық орталығында 94 кәсіпкерлік нысан бар.
Жауаптылардың сөзінше, қызыл жалын орталықтың екінші қабатында орналасқан балалар дүкенінін ғана шарпыған. Өрттің нақты аумағы 688 шаршы метр. Әзірге сауда орталығының жұмысы тоқтап тұр.
Бағдат Абдуллин, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
- 2019 жылы жүргізілген соңғы тексеріс тамыз айында жүргізілген. Сонымен қатар қазір уақытта мораторий жарияланды ғой кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне. Соған сәйкес тексерістер қысқартылған. Тексеріс жүргізілмеген. Биыл «қауіпсіз сауда» акциясы бойынша министрдің тапсырмасымен үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр бізбен.
Руслан Ізбасов, ойын-сауық орталығының заңгері:
- Орталықты қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанша кәсіпкерлер жалдау ақысын төлеуден босатылады. Өрттің нақты себебі анықталғаннан кейін қосымша көмек жайын ойластырамыз. Кәсіпкерлер мен сауда орталығы сақтандырылған. Дегенмен өтемақы төлеу мәселесі құзырлы органдардың шешіміне байланысты.