Хабар телеарнасы

Ақтау маңындағы ұшақ апаты: 29 адам аман қалды

Ақтау қаласының маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырап, отқа оранды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі бұл ұшақ бортында барлығы 69 адам болған. Оның ішінде алтауы Қазақстан азаматы, 37-сі Әзербайжан, 3 Қырғызстан, 16 адам Ресей азаматы. Аман қалғандар саны - 29. Соның ішінде екеуі бала. Өкінішке қарай бұл тізімде отандастарымыз жоқ. Апатқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Алдын ала болжамдардың бірінде ұшақтың құсқа соғылғаны айтылады. Ресми Грозный әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшу бағытының өзгеруіне қалың тұман себеп болған. Ұшақ алдымен Махачкалаға, кейін Ақтауға бағыт алған.

Қайрат Жанаспаев, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің басқарма бастығы:

-Осы сағатта 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта авариялық құтқару жұмыстары жалғасуда. Астана қаласы командалық орталықта және Маңғыстау облысының ТЖД жедел телефондары жұмыс істейді. Оған 296 қоңырау түсті. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі нақтылануда. Әзірбайжан қаласының делегациясы Ақтау қаласына жетті.

Ұшақ апатына қатысты Қазақстан мен Әзербайжан Үкіметтері оқиғаның себептерін жан-жақты тергеп, алғашқы көмек көрсету үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Отандастарымыз да бейжай қалған жоқ. Ақтау мен Астана қаласының тұрғындары қан тапсырып, елшілікке гүл шоқтарын қалдыруда. Айта кеткен жөн, апатқа ұшыраған ұшақ Embraer-190 қысқа және орташа қашықтықтарға жолаушыларды тасымалдауға арналған. Ұзындығы 36 метр. Қанатының құлашы - 28, ал биіктігі - 10 метр. Максималды жылдамдығы сағатына 890 шақырым. Ұшақ бортына 114 адамға дейін сыяды. Әуе кемесін 2 пилот басқарады. Жалпы әлемде Embraer 190 ұшақтарының саны 550-ден асады.Алғаш рет әуеге 20 жыл бұрын көтерілген. Оның қауіпсіздігіне сарапшылар бұған дейін жоғары баға берген.