Хабар телеарнасы

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы көбейді

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы айтарлықтай көбейген. Жыл басынан бері 2 мыңға жуық жүргізуші жол ережесін бұзған. Оның ішінде 27-і көлікті мас күйде басқарған. Санаулы күнде бірнеше жол апаты болды. Бірер күн бұрын 95 көлік соқтығысқан кезде 10 адам ауруханаға жеткізілген еді. Оның төртеуі ем қабылдап, үйлеріне шығарылды. Қазір Ақкөл аудандық ауруханасында 3, ал Бурабайдағы ауруханада 3 адам ем алып жатыр.

Бұл Көкшетау-Астана бағытындағы тасжол. Мұнда көлік қарасы бір үзілген емес. Ал демалыс күндері тіпті көбейе түседі. Кей жүргізушілер ауа райына да қарамайды. Мәселен, 3 қаңтар күні дәл осы бағыттағы жолда көктайғақ кесірінен бір мезетте 95 көлік соқтығысты. Бұл жағдайда да тәртіп сақшылары күн райын ескермей және боранды күнде жүйткіген жүргізушілерді кінәлайды.

Аслан Қызбикенов, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

 - Жол апаттарының себебі ол осы көлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтамауы. Бірішіден, ол тым жылдам жүргеннен. ЧС, біз полиция  департаменті, әкімдік, «ҚазАвтоЖол» уақытында әртүрлі смс жібереміз. Бірақ оған қарамастан көп кісілер шығып, қатты жүреді. Содан басқа себеп жоқ.

Боранды күндері құтқарушылардың да жұмысы күшейе түседі. Төтенше жағдай қызметкелері тек осы демалыс күндері 140 адамды жылыту пунктіне жеткізді. Оның тең жартысы бала.

Ерсайын Қойшыбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:

- Қазір өңірдегі тасжолдарда мобильді бекеттер қойылған. Онда біздің құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етеді. Олар жолда қалған адамдарды жылыту пунктіне жеткізеді. Қазір облыс бойынша 12 мың адамға арналған  277 жылыту бекеті бар.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 18 мың шақырымнан асады. Оның екі мыңға жуығы халықаралық және республикалық маңыздағы тасжол. Ал республикалық бағыттағы жолдардың тазалығына «ҚазАвтоЖол» ұйымы жауапты. Олар көктайғақ кезінде жолдарға құм төсеп, қардан тазартып отырады.

Дарын Әрінов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Қазіргі таңда 265 бірлік дана астам техника жұмылдырылған. Қысқы кезеңде күтіп ұстау 800-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылған. Осы Ақмола облысы бойынша 14 жол пайдалану учаскесі бар.

Дегенмен мамандар қыстыгүні жолда өте абай болуға шақырады. Әсіресе дабылды ескертулерді ескеру өте маңызды. Себебі алдын алу шаралары жасалғанымен, кейде табиғаттың тосын мінезіне ешкім төтеп бере алмай қалуы мүмкін.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный