Қарағанды әуежайын ірі логистикалық аэрохабқа айналдыру жоспарланды
Қарағанды әуежайын ірі логистикалық аэрохабқа айналдыру жоспарланған. Бұл әуе көлігі арқылы тасымалданатын жүк ауқымын 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін жеткізуге сеп болмақ. Мысалы, биыл Эквадорға тікелей рейс ашылған. Алдағы уақытта екі ел арасында жүк таситын ұшақтар санын 30-ға жеткізу көзделген. Әуежайды карго-терминалға айналдыру үшін тағы қандай жобалар жүзеге асырылады?
Бұл «Сары-Арқа» әуежайының жүк сақтау қоймасы. Апта сайын мұнда шетелдерден 400 тоннаға жуық жүк түседі. Айына 20 әуе бортын қабылдайды. Эквадор мен Амстердамнан көбіне гүлдер тасымалданса, Гонконгтан электронды техникалар жеткізіледі. Қабылданған тауарлар елдің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.
Арман Нұрмағамбетов, «Karagandy technical center» ЖШС қойма меңгерушісі:
-Кәсіпкерлер үшін біздің қойманың жұмысы өте тиімді. Себебі бізге түскен жүк жедел жөнелтіледі. Кедендік, басқа да тексерулер осы жерде өтеді. Қажет жағдайда тауарды сақтау үшін үлкен тоңазытқыштар бар.
Әуежайды кеңейту жұмыстары жоспарланып отыр. Келер жылы ұшу жолағы күрделі жөндеуден өтеді. Жолаушыларды қабылдау, сапарға шығарып салу мүмкіндіктері жақсарады. «Күту залы, терминал заманауи үлгіде жабдықталады»,– дейді әуежайдың басқарма басшысы .
Руслан Ғаббасов, «Сары-арқа әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:
-Бұл әуе компанияларының қызығушылығын арттыра түсетініне сенімдіміз. Қызмет көрсету сапасы жақсарған соң жолаушылар рейстері көбейеді. Жүк тасымалы бойынша да әуежайдың әлеуеті, транзиттік мүмкіндіктері зор.
17 жылдан соң Балқаш қаласының әуежайында да күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ұшу жолағына асфальт төселіп, аэровокзалы, техникалар тұратын нысандары заманауи үлгіде жабдықталады. Жобаның жалпы құны-3 миллиард 800 миллион теңге. Болашақта жолаушылар тасымалы 3 есеге артады деп жоспарланған. «Жыл сайын 60 мың жолаушыға Балқаш әуежайынан қызмет көрсетіледі»,–дейді мамандар. Бұл көкше көл жағалауындағы туризмді дамытуға серпін бермек.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар