Петропавлда жаңадан салынған бөгет жарылды
Қала шетіндегі Былғары зауыты шағынауданын тасқын судан қорғайтын топырақ үйіндісі тура ортасынан бөлініп кеткен. Қазір осыған байланысты комиссия құрылып, сараптама тағайындалды. Бөгет қашан қалпына келтіріледі?
Петропавлдағы Былғары зауыт шағынауданында салынып жатқан жаңа бөгет ортасынан жарылып кеткен. Көктемгі тасқыннан кейін есін енді жиған жұрт тағы да сары уайымға салынды.
Елена Мулинцева, қала тұрғыны:
- Жаңа бөгет жарылып жатса, көктемде тағы суға кетуіміз мүмкін. Сергеев су қоймасы толып тұр. Содан қауіптеніп отырмыз. Мысалы, маған әлі күнге дейін жөндеу жұмыстарының өтемақысы берілген жоқ. Құжаттарымды қарашада тапсырғанмын. Ақшасын әлі алмадым.
Былтыр көктемде Былғары зауыт шағынауданында 360 үйді су басқан еді. Оның тең жартысы апатты деп танылып, бұзылды. Күзде мұнда жаңа бөгеттің құрылысы басталған болатын. Бірақ қыс өтпей жарылып қалды. Мамандар оны жердің отыруымен байланыстырады.
Виталий Петренов, медрігер ұйымның өкілі:
- Қазір топырақты қайта қазып алып, инерттік материал әкеліп төсейміз. Сонымен қатар бөгеттің оң жағы кеңейтіледі. Енді техникалық қадағалау және жобалау институты мамандары сараптама жасап, қосымша нұсқаулар беруі тиіс.
Былғары зауыт шағынауданындағы бөгеттің жалпы ұзындығы – 4 шақырым. Биіктігі – 7,5, ал ені – 3 метр. Оның құрлысына демеушілер 2,5 млрд теңге бөлген. Қалалық әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс әлі толық аяқталған жоқ. Қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды.
Сергей Мелехов, қала әкімінің орынбасары:
- Комиссия құрамына Төтенше жағдайлар департаменті, прокуратура, мердігер ұйым, жобалаушы, техникалық қадағалау және қалалық әкімдік өкілдері кіреді. Олар мән-жайды толық тексеріп, қалпына келтіру жұмыстарын анықтайды.
Қазір бөгеттің жарылған жерлері қайта бұзылып жатыр. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан кейін 32 шақырымға топырақ төселген.
Айдарбек Айтмұхмбетұлы, Қуаныш Қазбеков