Хабар телеарнасы

Полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып кетті

Полиция қызметкері жаяу жүргіншіні қағып кетті. Ауыр жарақат алған жан тілге келместен, оқиға орнында көз жұмды. Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық полиция бөлімінің тергеушісі дүкеннен шығып, көлігімен артқа қозғала бергенде жолда кетіп бара жатқан әйелді аңғармаған. Қазір сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл аудандағы полиция қызметкерінің қатысуымен болған алғашқы қанды оқиға емес. Екі ай бұрын арнайы жасақ қызметкері ауыл фельдшерін ұрып өлтірген еді. 

Ерлан Жақсыбаев, облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы:

- Біздің полиция қызметкері автокөлікті артқа қарай жүру барысында орын алып отыр. Қазіргі таңда медициналық куәландыруға сәйкес полиция қызметкері мас күйде емес. Сол күні полиция қызметкері уақытша ұстау орнына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Жұмыстан сол күні шығарылды.