Металлургияда кен өндіру 7% артты

  • 45
  • 22.07.2025, 18:40

Әлемдік нарықта сирек кездесетін металл түрлеріне сұраныс артқан. Мұндай мүмкіндікті отандық алпауыттар құр жібермек емес. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Сондай-ақ бүгін көші-қон саясатын дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі мерзімді жоспары қабылданды.  

Тау-кен өнеркәсібінде тұрақты өсім байқалады. Бұл салада 224 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері металлургияда кен өндіру 7% артып, 14 триллион теңгенің өнімі өндірілген. Биыл мыс пен қорғасынды екі есе, алюминийді 50%, мырыш өңдеуді 11% арттыру көзделген. Бұл нарықта бірқатар тұтыну тауарын ұлғайтуға септігін тигізбек. 

Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

-Биыл шамамен 1,6 тлрн теңгеге 190 жоба іске асыруға жоспарланып отыр. Соның ішінде қазіргі таңда 47 жоба іске қосылып, шамамен үш мың жұмыс орны құрылды. Металлургия саласында, машина жасау саласында. Мысалы, қазіргі таңда Алматы қаласында 3 брендпен қытайлық машина жасау енгізілейін деп жатыр. KIA да бар. Былтыр 180 жоба енгізілген, биыл енді 190 жоба. 

Тау-кен өнеркәсібіндегі алпауыт компаниялар да өндіріс көлемін арттырған. Енді саланы цифрландыру ісі қарқын алады. Негізінен отандық стартаптар енгізіліп жатыр.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: 

-Технопаркке қатысқан сәттен бастап компаниялар 5 млрд теңгеден астам ақша тауып, 100-ден астам жұмыс орнын ашты.

Бүгінде сыртқы нарықта мыс, мырыш, темір және алюминий секілді металдарға сұраныс жоғары. Үкімет бұл мүмкіндікті пайдалануға ниетті. Сөйтіп өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін арттырмақ. Геологиялық барлау жұмысына 30 млрд теңге қаралған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Соңғы жылдары сирек және стратегиялық маңызды металдар өндірісіне басымдық берілуде. Өйткені әлемде осы минералдарға сұраныс арта түскен. Сондықтан отандық экономиканы әртараптандыру мақсатында өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызы өте зор. Қазіргі таңда жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 14% құрайды және ол кен өндіру саласынан 2% жоғары. Осы үрдісті алдағы уақытта да сақтап қалу қажет.

Үкімет отырысында көші-қон саясатын жетілдіру мәселесі де қаралды. Жыл басынан бері елімізге 7,5 млн шетел азаматы келген. Заң бұзғандар да жоқ емес. Заң мен тәртіптің сақталуы ұдайы бақылауда. Енді көші-қон және демографиялық саясатты дамыту жаңа жоспарға сай жүргізіледі.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі :

-Этникалық репатриация институтын дамыту шеңберінде қандастардың мәртебесіне, есебіне және сүйемелдеуіне, оның ішінде «Қандастар» цифрлық платформасы арқылы көзқарастарды қайта қарау жүргізіледі. Еліміздегі еңбек дефициті бар өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, қоныстандырудың өңірлік бағдарламалары әзірленетін болады. Осылайша, елге келген этникалық қазақстарды демографиялық тапшылығы басым өңірлерге ғана бөлу жоспарланып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Мемлекет басшысы нақты реттелетін көші-қон саясатын қалыптастыруды тапсырған болатын. Ол үшін нормативтік-құқықтық базаға аудит жүргізіп, мемлекеттік органдардың көші-қон саласындағы функционалдық мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Айта кету керек, соңғы 2 жылда Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің саны 1,5 есе артқан. Мәселен, осы жылдың мамыр айында жедел-профилактикалық шаралар барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 7 мыңнан астам фактісі анықталды. Мұндай жағдайлардың уақытылы жолын кесу керек. 

Биыл 1 қарашаға дейін көші-қон үрдістерін есепке алудың цифрлық платформасы енгізіледі. Сондай-ақ жұмыс күші тапшы деген өңірлерге маман тарту шаралары қолға алынбақ. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, Таир Мерекенов