Президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады. Нариман Төреғалиевтің айтуынша, өңірлік жалпы өнім көлемі үш жылда 13,6 пайызға ұлғайып, 2026 жылдың 1 қаңтарында 5 триллион теңгеге жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тартылған инвестиция көлемі 874,5 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға өсті. Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұған дейінгі тапсырмаларының орындалуы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Жуырда Қарашығанақ кен орнында қуаттылығы жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысы басталады. Инвестициялық жоба құны – 1,7 триллион теңге. Сондай-ақ жыл соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Мемлекет басшысына соңғы үш жылда облыста жалпы құны 138 миллиард теңге болатын 121 жаңа әлеуметтік нысан салынғаны туралы баяндалды. 1542 шақырым автокөлік жолдары жөндеуден өтті. Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» автокөлік өткізу бекеті қайта жаңғыртылып жатыр. Келесі жылы «Тасқала» бекетінде дәл осындай жоба басталады. Бұдан бөлек, жаңадан салынған және жаңғыртылған төрт теміржол вокзалы ел игілігіне берілді. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 миллиард теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы қолға алынғаннан бері 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. «Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы аясында мыңнан астам адам ауылға қоныс аударды. Барлық 218 отбасы баспанамен қамтылып, оларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғырту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жұмысын жалғастыруды тапсырды.