Биыл елімізде жаңа Салық және Бюджет кодекстері күшіне енді. Құжатқа сәйкес, салық саны 20% азайып, есептілік нысандары 30% қысқарды. Энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 триллион теңге қарастырылған. Оған 12 мың шақырым инженерлік желі жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, Цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамытуға арналған бірыңғай қағидалар бекітілді. Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде тағы қандай істер атқарылуда?
Мемлекет басшысының Жолдауларын жүзеге асыру шеңберінде жалпыұлттық жоспар құрылған болатын. Сол құжатта 180 іс-шара қарастырылған. Соның бірі – инфрақұрылымды дамыту. 2025 жылы 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделді. Биыл ол 12 мың шақырымға дейін ұлғайтылды. Сегіз кәсіпорынды тозу аймағынан шығару жоспарлануда. Ал жыл басында жаңа Салық, оның ізінше Құрылыс кодекстері қолданысқа енді. Құжатта саланы әр деңгейде дамыту көзделген.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:
- Өңірлердің қаржылық мүмкіндігін арттыру үшін тұрақты салықтар мен алымдардың бір бөлігі жергілікті деңгейге берілді. Квазимемлекеттік секторға бақылау да күшейтілді. Енді сыртқы қарыз алу көлемі, бюджетке төленетін дивидендтер және холдингтердің даму жоспарлары республикалық бюджетті қарау кезінде міндетті түрде талқыланады.
Көлік-логистика саласын дамыту. Ол да Президент Жолдауында айтылған маңызды міндет. Тек биылдың өзінде осы бағыттағы жобаларды пысықтау, атқарылған істердің нәтижесін талқылау үшін Үкіметте 4 рет арнайы жиын өтті. Отырыста Қызылжар – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желілерінің құрылысы жалғасып жатқандығы айтылды. Сонымен қатар Алтынкөл – Жетіген және Жезқазған – Сексеуіл учаскелерін жаңғырту аяқталады. Жылжымалы құрам бойынша да нақты нәтиже бар. Соңғы үш жылда Қазақстан 433 локомотив сатып алған.
Автомобиль жолы. Биыл жергілікті жолдарды дамытуға да ерекше басымдық берілді. Мәселен, 2026 жылы Атырау облысында қала, аудан және ауылішілік 198 шақырым жол жөнделіпті. Өңірде тағы 320 шақырым жол жаңартылады. Сол арқылы 52 елді мекен халқының қатынауы жеңілдейді.
Әсет Оразғалиев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
– Сонымен қатар Құрманғазы ауданындағы Утера – Катяевка жолы 29 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда аяқталды. Пайдалануға беру жұмыстары орындалып жатыр. Сонымен бірге Қызылқоға ауданында 45 шақырымды құрайтын Тайсойған ауылына кірме жол жобасы да аяқталып, пайдалануға беру жұмыстары орындалып жатыр.
Сонымен қатар биыл E-Joldar атты автомобиль жолдарын бақылау жүйесі іске қосылды. «Жоба жолдардың жай-күйін, материалдардың сапасын, сондай-ақ жөндеу шығындарын бақылауға мүмкіндік береді», – дейді сала мамандары. Қазір республикалық маңызы бар 41 мың шақырымнан астам жол цифрландырылған.
Серік Имашев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры:
- «E-Joldar жүйесі «ҚазАвтоЖол», «ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институты және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» секілді бас-аяғы 12 компанияның басын біріктіріп отыр. Мұнда тіпті жол салуға қолданылатын қиыршық тас пен асфальттың да қайдан келгені, мердігердің кім екені бәрі көрсетіліп тұрады. Жүйе келешекте одан әрі жетілдіріледі.
Ал Smart Cargo платформасы «бір терезе» қағидаты бойынша халықаралық жүк ағындарын онлайн қадағалауды қамтамасыз етеді. Ол 58 ақпараттық жүйенің деректерін біріктірген. Ол арқылы жүктің қайда келе жатқанын толық қарап отыруға болады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда саланың жалпы өнімі 3 есе өсіп, 14 трлн теңгеден асқан. Теміржол арқылы транзит көлемі 33 млн тоннаға жетсе, автотасымалдың көлемі 3 есе артты. Цифрландыруды одан әрі дамыту арқылы алдағы үш жылда министрлік транзит көлемін 77 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Ердәулет Ыбырайұлы