Nur Otan партиясы аймақты дамытудың бес жылдық бағдарламасын әзірлейді
Түйіні тарқамаған проблемалар Ертіс өңірінде де жетерлік. Бұған партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өзі көз жеткізді.
Руслан Мансұровтың күнделікті тірлігі осы. Көпқабатты баспанада тұрса да, отын-көмірді сырттан тасиды. Павлодар ауданына қарасты Новочерноярка ауылында тоңып отырған 800-ге жуық тұрғын бар. 16 көпқабатты үйдің орталық қазандығы өткен ғасырдың 90-шы жылдары талан-таражға түскен. Содан бері мәселе шешілмей келеді.
Әсел Исалина, Новочерноярка ауылының тұрғыны:
- Қиын өте, өйткені көмір тасимыз. Сонымен қатар пештен түтін шығуы мүмкін. Түтін тек қана біздің үйде емес, көршілерде де шығады. Менде кішкентай екі балам бар, бірнеше рет өрт бола жаздады.
Шенеуніктер мәселеге енді құлақ асты. Алдағы уақытта ауылдың әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлерге арналған орталық қазандық салынбақ. Оның жобалық құны 522 млн теңгені құрайды. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек конкурстық шараларды тез бастап, жұмысты сапалы жүргізуді тапсырды.
Бауыржан Байбек жыл сайын жерасты суларынан зардап шегетін екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындарымен де кездесті. Жергілікті билік өкілдері мәселені түбегейлі шешу үшін кәріз жүйесі салынатынын жеткізді. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады.
Наталья Тушева, қала тұрғыны:
- Көктем жақындаған сайын қорқамыз. Қар шығарылып жатыр, дегенмен кей аула ақ ұлпаға толы. Мәселе тез шешілсе игі. Үйлерімізді жыл сайын су басады.
Бауыржан Байбек облысқа жұмыс сапары барысында полипропилен өнімдерін шығаратын зауытта болды. Мамандармен жүздесіп, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қамту турасында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар партияның облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий