Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірет Сұлтан мешітіне барды
Сондай-ақ қызметіне табыстар тіледі. Елдегі татулық пен тұрақтылықты сақтау, дін арқылы азаматтарды келісім мен ынтымаққа шақыру, рухани бағдар беру және жат ағымдардың зияны жөнінде әңгімеледі. «Халықты татулыққа, бірлікке, пәтуаға шақыру керек. Қазір дүниежүзінде әртүрлі жат үдеріс пайда болып жатыр. Сондықтан елімізде бұған тыйым салып, жол бермеуге тиіспіз», – деді Президент. Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ-ның алдағы ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстары мен қайырымдылық шараларының жоспарын таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халыққа қызмет ету деген оңай нәрсе емес. Алда тұрған жұмыс ауқымды, күрделі, жауапты. Сондықтан бәрі дұрыс болады деп ойлаймын.
Наурызбай қажы Тағанұлы, Бас мүфти:
- Аса мәртебелі Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге үлкен рахмет! Алла разы болсын. Қасиетті жұма күні мешітімізге қош келіпсіз. Ниетіңіз қабыл болсын. Бізге, маған келіп құттықтау айтқаныңыз, бүкіл мұсылманға құттықтау айтты деп қабылдаймыз. Сіздің көмегіңізді, қолдауыңызды әрқашан сезініп отырмыз. Әрбір жоспарларыңызды қолымыздан келгенше халыққа жеткізіп жатырмыз. Волонтерлер жылын да жамағатқа айтып жатырмыз. Жамағатымыз қолдап жатыр. Мұсылмандар арасында еріктілер көп. Шамамыз келгенше халқымызға қызмет жасауға ниет етіп жатырмыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өте дұрыс. Ең алдымен халқымызға қызмет ету үшін бар күш-жігерді пайдалану керек. Халқымызды, жамағатымызды татулыққа, бірлікке, пәтуаға шақыру керек. Қазір дүниежүзінде әртүрлі үдеріс пайда болып жатыр, аз емес. Сондықтан оларға тыйым салып, халқымыздың ел мүддесіне қызмет етіп, үгіт-насихат жасау қажет.