Қазақстан – Өзбекстан қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі
Қос тарап өкілдері II өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жалпы сомасы $500 млн болатын 52 құжатқа қол қойды. Келісімде машина жасау, ауыл шаруашылығы, қаржы-банк, өнеркәсіп, инфрақұрылым, фармацевтика және басқа да салалар қамтылған. Қазақстан Үкіметінің басшысы екі елдің транзиттік-көлік, логистика, сауда айналымын ұлғайту және туризм салаларына ерекше назар аударды. Бұл ретте Түркістан, Ташкент, Самарқан, Бұхара және Хорезм облыстарындағы туристік нысандар бойынша бірлескен бағыттар ашу, көтерме сауда және агро-логистикалық орталықтарды бірлесіп дамытуды ұсынды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд доллардан асты. Қос елдің Мемлекет басшылары екі жақтың зор әлеуетін ескере отырып, осы жылы арадағы алыс-беріс көлемін тағы да арттыруды жоспарлап отыр. Соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемінің ұлғаюына өндірістік тауарлар септігін тигізіп жатыр. Машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі, агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастық сияқты бағыттар бойынша бірлескен жобалар сәтті жүзеге асырылуда.