Партия тізімінде әйелдер мен жастарға 30% міндетті квота беріледі
Партиялық тізімнің 30% әйелдер мен жастардан құру Президенттің өз ұсынысы болатын. Былтыр желтоқсанда өткен Қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтқан. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Парламентінде 33 әйел депутат бар.
Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» ХДП партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Демек бұл – ең төменгі көрсеткіш. Одан әрі қарай жоғары болатын болса, оған ешкім шектеу қоймайды. Егер саяси партиялардың тізімінде әйелдер мен жастардың үлесі 40, 50,70% болатын болса, оған ешкім шектеу қоймайды. Меніңше, біздің қоғамның демократиялық қимылы қарқынды болады.
Талғат Қалиев, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Қазір қоғамымыз жас. Қазақстанда 22% жас бар. Сондықтан олардың даусы да болуы керек. Парламентте де, мәслихаттарда да. Ол – өте керек нәрсе.
«Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес енді саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелері 40 мың емес, 20 мың болса жеткілікті. Бұл елімізде саяси партияларды құруды жеңілдетеді. Сондай-ақ аз мандаты бар партиялардың Парламенттегі рөлі күшейеді. Олар жиындарда сөз сөйлеп, комитеттерді басқара алады.
Ерлан Саиров, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Партияны тіркеу үшін мүшелердің саны екі есеге азайтылды. Бұл – біздің елімізде саяси процестерге азаматтардың қатысуына жол ашатын құжат. Сондықтан бұл екі заңды да ҚР саяси жүйесін эволюциялық түрде дамытуға бағытталған әдіс және тәсіл деп айтуға барлық негіз бар.