Саясаттанушы: Кей әкімдер қоғамдық пікірді ескермейді
«Көп жағдайда қоғамдық пікірді ескере бермейді». Баспасөз мәслихатында Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров осылай деді. Оның айтуынша, праймериз – әуелі жастар үшін зор мүмкіндік. Сондықтан саясаттанушы жергілікті әкімдіктерге іріктеу процесіне қысым жасамауға шақырды. «Егер аймақ басшылары бұл талапты бұзатын болса, жақтастар лигасы оларды жазалап, тіпті партиядан шығару жөнінде ұсыныс енгізеді», – деді Ерлан Сайыров.
Ерлан Сайыров, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Еліміз жол айрығында тұр. Біз демократияға, әділеттікке және теңдікке деген терең сұраныс туындаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Саяси реформалардың әлеуметтік, трасформациялардың қажеттілігі – бүгінгі тұрмыстың басты аспектісі. Өйткені елді сақтау мен жетістіктерді арттырудың басқа баламасы жоқ. Сондықтан ең бірінші жергілікті жердегі әкімдер жұмыс стилін өзгертуі керек.