Елбасы төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті
Нұрсұлтан Назарбаев дәрігерлер мен полицияның, әскери сала қызметкерлердің пандемия кезеңіндегі жанқиярлық еңбегіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, Білім және ғылым министрлерінің баяндамасын тыңдады. Ведомство басшылары эпидемиологиялық қауіп-қатерге дайындық барысын, экономикалық жағдайды көтеру, білім берудегі кедергілерді жою шаралары туралы айтып өтті. Нұрсұлтан Назарбаев пандемияның екінші толқыны бола қалған жағдайда алдын алу туралы шешімді дер кезінде қабылдау керектігін баса айтты. Ауруды жұқтыру туралы ақпараттың шынайы болуын тапсырды. «Ал елдің даму жоспарын жаһандағы жағдайды ескере отырып құру керек», – деді. Пандемияның қандай сценариймен өрбитінін ешкім дөп басып айта алмайды, сондықтан жауапты органдар кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Елбасының ең алдымен тапсырғаны, жылыту маусымына тыңғылықты дайындалу, халықты азық-түлікпен қамту және тауар бағасын тұрақты ұстап тұру мәселелері болды.