Мәжілісте бірнеше заң жобасы қаралды
Қоғам белсенділері мен өнер иелерінің де пікірі бірдей ескеріліп, ұйымдастырушылар енді концертте фонограмма пайдаланылатыны туралы халықты алдын ала хабардар етуі тиіс. Бұл шешім жұртшылық үшін әділ екен. Бірақ түпкілікті мақсат – технологияның көмегімен дауысты зорайту тәсілін шектеу. Бұл шара біртіндеп іске асырылмақ. Мәжіліс депутаттары бүгін мәдениет туралы заңды мақұлдап, Сенат қарауына жіберді.
Әр өнерпаз сахнаға тойға келгендей емес, халықтың шынайы ыстық ықыласын алу үшін барынша жауапкершілікпен дайындалып шығуы тиіс. Фонограммамен қиюластырылған концерт жайлы халық алдын ала білген жөн. Бұл туралы жарнамаларда, касса маңында алдын ала ақпарат берілуі тиіс. Мәжіліс қараған мәдениет туралы құжатқа осындай норма енгізілген. Бұған қоса әртістердің сахнада өзін-өзі ұстау этикасы да қатаң қадағаланады.
Жәмила Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Әртістердің көрерменмен тиісті қатынасты қамтамасыз ету, оның ішінде олардың әдепсіз мінез-құлқына, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және басқа да психотроптық заттарды пайдалануға жол бермеу міндеті көзделген. Осы норманың іске асырылуын бақылау тетігі қандай болады?
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Ұйымдастырушы және орындаушы арасында болатын қарым-қатынастың міндеттемелерін азаматтық келісімшарт бойынша реттеуге ұсыныс беріп жатырмыз. Келісімшарт бойынша нормалар бұзылатын болса, әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады.
Иә, озық технологиялармен дауысын зорайтып айтып, халықты тартуға талпынатын әншілер аз емес. Өзбекстан, Әзербайжан елдерінде фонограммаға шектеу қойылса, Қытай мен Түрікменстанда тіпті тиым салынған.
Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Не дауысы, не ән өнерінен хабары жоқ адамдар фонограмманы пайдаланып, халықтың назарын өзіне аударғысы келеді. Радио мен телевизияда ән орындаушыларға ғана рұқсат беріп, қалғандарына оны қолдануға мүлде тиым салуға қалай қарайсыз?
Министрлік келеңсіздікті біртіндеп шешуге уәде берді. Әншілердің барлығы фонограммасыз айтуға өңірлердің бәрінде техникалық мүмкіндік жоқ деген уәж айтты. Десе де «қисық арба жол бұзар» деген халық нақылын келтірген Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пайымдауынша, өнер әрдайым таза болуы тиіс, жанды дауысқа екпін берілсе игі. Құжаттың Үкімет ұсынған нұсқасында фонограммаға қатысты мәселе орындаушы мен ұйымдастырушының арасында шешілуі тиіс деп көрсетілген болса, депутаттар оларды орындаушының алдында ақпарат беруге міндеттеді. Құжатта сондай-ақ өңірлік көркемдік кеңестер, шығармашылық бастамаларды қолдау қорлары құрылатыны да көрсетілген.
Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мәдениет және өнер саласындағы шығармашылық одақтарды, дарындарды қолдау және ілгерілету мақсатында бюджеттен тыс қаражаттан қаржыландырылатын шығармашылық бастамаларды қолдау үшін қорлар құрылады. Бұл қаражатты пайдалану, оларды бөлу тетігі қандай болады?
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Осы норма бойынша шығармашылық орта мен бизнес орта арасындағы серіктестікті байланыстыру меценаттар арқылы қолдау болады. Бұл қорлар мемлекеттік мекемелердәің қасында ашылады, кеңесшілер кеңесі құрылады.
Мәдениет заңында ұлттық электрондық кітапханаларды қалыптастыру, дамыту тәртібі айқындалды. Сонымен қатар мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызмет көрсетуі үйлестірілмек.
Авторы: Индира Жылқайдарова