Түркі жұртының рухани астанасы қайта түледі
Халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына қатысып, бірқатар нысанды аралады. Соңғы бірер жылда қалада 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Ал құрылысқа жұмсалып жатқан қаражаттың жартысы инвесторларға тиесілі.
Қазіргі Түркістан екі жыл бұрынғы Түркістанға мүлде ұқсамайды, көп өзгерген. Қаланың дамуы 2050 жылға дейін есептелген. Негізгі деген нысандардың көбі алдағы бес жылдың ішінде салынады. Елбасының Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру жөніндегі шешімі көне шаһардың түрлеуіне ықпал етті. Енді таяу уақытта елорда, Алматы, Ыстамбұл тұрғындары киелі мекенге ұшақпен тура жететін болады. Кейін Қазақстанның басқа облыстары мен Меккеге қатынауға мүмкіндік туады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайдың ашылуына қатысты.
Әуежай жылына 3 млн-ға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта Түркістанға сапарлайтын туристердің саны 2,5 млн, ал 2030 жылға қарай 3.5 млн адамға дейін жетеді деп жоспарланып отырғанын ескерсек, бұл халықаралық әуежай қызметінің маңызы зор.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Сол шешімнің арқасында екі жылдың ішінде бүкіл облыстың әкіміне, іс адамдарының әрқайсысына тапсырма бергенмін. 169 ғимарат салынуы керек. Бір жылдың ішінде 1 млрд доллар инвестиция келді. Қаланы салмасақ, қайдан келер еді?!
Былтыр Түркістанда біраз нысан пайдалануға берілді. Олардың дені әлеуметтік маңызы жоғары ғимараттар еді. Биыл мәселен, әкімшілік-іскерлік орталықта салынады деп жоспарған 89 нысанның тағы 23-і тапсырылады. Соның бірі – конгресс холл. Бұл – облыстың салтанатты жиындары өтетін мың орындық көрермен залы бар мәдени орталық. Ал спорттық жиындардың ордасы мына жеті мың адам сыятын стадион болмақ. Жалпы аумағы 8,3 гектар. Cпорттық ғимаратта акробатика, бокс және ауыр атлетика жаттығу залдары орналасқан.
Көне Түркістан – бұрыннан туризмнің орталығы. Қазірдің өзінде бұл жерге жылына 1,5 млн турист келеді. Келген мейман кем дегенде бір түнеуі керек. Соның қамы жасалып жатыр. Шаһарда бірқатар бес жұлдызды қонақүй болады. Солардың бірі «Rixos Turkistan» қонақүйін Елбасы аралап көрді. 120 орындық кешеннің құрылысына 5,7 млрд теңге инвестиция тартылған. Инвестиция демекші, қала құрылысына қарастырылған 400 млрд теңгенің 53% инвесторларға тиесілі. Түркістанның құрылысына қазір жұмсалған қаражат кейін еселеп қайтатынын компаниялар бағамдап отыр.
Дархан Әбдуахит, тілші:
- Мына алып аумақ – рухани-мәдени орталық. Кесененің айналасында, нақтырақ айтсақ, 98 гектар жерде 30 нысан салынады. Сол 30 нысанның алтауы биыл тапсырылады. Мұнда келген турист біраз аялдайтын болады, себебі баратын-көретін танымдық жер көп.
Мәдени-танымдық орталықтың бірі – «Ұлы дала» кешені. Аумағы 7 мың шаршы метрден асатын екі қабатты ғимарат көпфункционалды. Мұнда келген мейман Қазақстанның қазіргі және өткен тарихын қамтитын бірнеше экспозициямен танысады. Орталық ашылған соң 70 адам жұмысқа тұрады. Жалпы қалада қарқынды құрылыс басталғалы бері 24 мыңға жуық тұрғын екі қолға бір күрек тапты. Жоспарға сәйкес кейін 10 мыңнан астам адам жұмысқа алынады. Көне Түркістанға облыс орталығы мәртебесін беру, қаланың инфқұрылымын дамытып, туристік әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстар өңірдің өркендеуіне оң әсерін тигізді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Аз ғана уақытта шаһарымыз танымайтындай болып түледі. Соның куәсі болып отырмыз. Түркістан – елдігіміздің алтын бесігі. «Қазақстанның рухани орталығы» деп айтып келеміз. Соған байланысты мәртебесі де, сыртқы түрі де солай болуы керек. Түркістанның өсіп-өркендеуі – тек біздің елдің ғана емес, күлл түркі жұртының абыройы. Өзбектан Президенітмен сөлйескенде де бұл жөнінде әңгімелесті. Ен далада заманауи үлкен әуежай салынды. Қасиетті шаһардың күн санап өркендеп келе жатқанына баршамыз қуанамыз.
Түркістан – білім мен ғылымның орталығы. Сонау 90-жылдардың бас кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қожа Ахмет Ясауи университеті ашылса, биыл туризм мен спорт оқу орны бой көтерді. Биыл 588 студент оқуды бастады.
Түркістандағы өзгеден ерекшелеп тұратын үлкен жобаның атауы – «Керуен сарайы». Жобаның мүмкіндіктері жайлы Елбасына баяндалды. Нысан инвестициялық қаржыға салынып жатыр. Үш мың адам жұмысқа тұрады.
Түркістанның инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаржы жұмсалып жатыр. Осыдан бірер жыл бұрын қала көшелерінің тек үшеуі ғана асфальтталған болса, тек биылдың өзінде 88 көше қалыпқа келтіріледі. Бұдан бөлек инфрақұрылымға қарастырылған ақша 100% газ тартуға, 98% ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.
Өткен тамызда қалаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келген болатын. Сол сапарда айтылған тапсырмалар қазіргі таңда жүзеге асып жатыр. Қаланың бір ерекшелігі жасыл-желек болмақ. Жергілікті тұрғындар бұл жайлы ықыласпен айтады. Тек биылдың өзінде млн-нан астам ағаш көшеті отырғызылыпты. Қаланың даму барысымен жан-жақты танысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Түркістан – шамшырағы қайта жанған шаһара», – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Біз тағы бір тарихи мәселені басымыздан өткізгелі отырмыз. Түркістан іргелі орталыққа айналып келеді. Оны аяғына дейін жеткізу – біздің парызымыз. Түркістанның жаңғыруы Қазақстан халқының жеңісі деп білемін. Бұл – елге, халыққа салған инвестиция. Елдің ризашылығына ие болыңыздар.
Даму жоспары анық. Күшейтілген карантин тұсында да құрылыс қарқыны бәсеңдеген емес. Күні ертең Түркістан туристер көптеп келіп, іргелі жиындар өтетін шаһарға айналады. Айта кетейін, наурыз айында сәтін салса, Түркістанда түркі әлемінің елдері бас қосып, саммит өткізеді деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Дархан Әбдуахит, Еділ Ермекбаев, Айдос Ентебеков