Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілмек
Үкімет Парламентке Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ұсынбақ. Премьер-министр тиісті қаулыға қол қойды. Құжат қабылданған соң Түркістан – Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ретінде ерекше мәртебеге ие болады. Онда көне шаһарды тарихи-мәдени және рухани бағытта дамытуға ерекше мән берілген.
Сондай-ақ бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау, сақтау және басқарудың оңтайлы жүйесін құру жоспарланған. Кесене маңынан биіктігі 7 метрден асатын құрылыс нысандарын салуға тыйым салынады.
Бейсен Тәжібаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Сонымен бірге аталған заң жобасында Түркістанды туристік қала ретінде дамыту көзделген. Бұл мақсатта қажетті инфрақұрылымдарды қалыптастыруға және туристік басым бағыттарға қолдау білдіру заң жобасының аясында көрсетіліп отыр. Аталған заң қабылданған уақытта Түркістанның арнайы мәртебесі статусын тағы да бекіте түсетін болады деп санаймыз.