Мемлекет басшысының бастамалары әлемдік БАҚ назарында
Қазақстан Президенті өз баяндамасын денсаулық сақтау жүйесін нығайту, әлемдік өндіріс пен жабдықтау тізбегін қорғайтын келісімге қол жеткізу, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әлеуетін арттыру сияқты мәселелерге арнады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы БҰҰ аясында аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісі және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Қазір Президенттің баяндамасы әлемдік ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып жатыр.
COVID-19 біздің жіберген қателіктеріміз бен ағаттықтарымызды анық көрсетті. Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы саяси дебаттарында осылай деді. Халықаралық ұйым сайтында Мемлекет басшысы баяндамасының толық мәтіні келтіріліп, ұсыныстары жарияланған.
Қазақстан Президенті: «COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек», – деді. Осы ретте инвестиция және сауда жөніндегі халықаралық келісімге қол жеткізу әлем лидерлерінің басты назарында болуы тиіс. EURACTIV басылымында жарияланған материал осылай басталады. Мақаладан мынадай үзінді келтіруге болады.
«COVID-19 пандемиясымен ғаламдық күрес қоғамның табиғи және техногендік қауіп-қатердің алдында осал екендігін көрсетті. Бұл вирустар мен бактериялар сияқты биологиялық қару қаупі арта түскенін аңғартып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе бұрынғадан да өзекті бола түскенін мәлімдеп, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды».
Әлем елдері дағдарысқа тап болған кезеңдегі Қазақстан Президентінің басталамаларына Үндістанның Business World басылымы да мақала арнады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерге, соның ішінде коронавирус пандемиясымен күрес, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіру, ядролық қаруды таратпау және одан бас тарту, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларға тоқталды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударды».
Адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді. Вашингтонның Columbia Basin Herald басылымы осындай атаумен мақала жариялады. Шетелдік тілшілер Мемлекет басшысының «Жаһандық тоқырау күшейе түскенін байқадық. Қырғи-қабақ соғыстан кейін қарапайым адамның мүддесін көздейтін шын мәніндегі халықаралық жүйе құратын мүмкіндікті пайдалана алмадық» деген сөзіне тоқталған.