Қ.Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Өзара түсіністіктің жоқтығы халықаралық жағдайдың шиеленісуіне алып келіп жатыр. Бұл ретте елшілердің миссиясы – құрметті әрі күрделі. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада төрт елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.
Батыспен бауырлас, шығыспен тамырлас Қазақстан Еуропамен де етене араласуға ерекше мән беріп келеді. Бір ғана мысал, Қазақстан – Орталық Азия елдерінің ішінде ЕО-мен «Екінші буын» келісіміне қол қойған алғашқы мемлекет. Ақордаға келген төртеу де сол Еуропаның өкілдері. Олар – Аустрия, Финляндия, Беларусь және Мажарстан мемлекеттері.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздердің көмектеріңізбен мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін бере алатынымызға сенемін. Төрт мемлекетпен де түрлі салаларда тамаша қарым-қатынастамыз, бұл ынтымақтастықтың жалғасатынына күмәнім жоқ. Сіздер қазірдің өзінде қазақстандық проблемалармен танысып үлгерген шығарсыздар. Бәлкім, біздің еліміздің жаңғыруына, өмірді демократияландыруға ықпал ететін менің Жолдауымды оқыған боларсыздар. Сіздер қос елдің үкіметі арасындағы өзара түсіністікті ілгерілету үшін көмектеседі деп үміттенемін. Қазір әлемде өзара түсіністік өте маңызды. Түсіністіктің жоқтығы немесе жетіспеуі халықаралық жағдайдың шиеленісуіне әкеліп соғып жатыр.
Қазақстандағы дипмиссиясына кіріскендердің бірі – Беларусь елшісі Павел Утюпин. Елші Қазақстан мен Беларуссияның әлемдік әрі аймақтық мәселелерде ұстанымдары ұқсас деп санайды.
Павел Утюпин, Беларусь Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстандағы Беларусь елшілігінің сауда-экономикалық саладағы негізгі міндеті – өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, ІТ сала, мұнай-химия кешені және басқа да көптеген бағыт саласындағы бекемдей түскіміз келеді.
Алыс та болса аустриялық капиталдық қатысуымен Қазақстанда 50-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 2005 жылдан бері бұл мемлекет біздің елге 6 млрд долларға жуық инвестиция құйған. Президенттің Жолдауын мұқият оқыған елші стратегиялық құжатқа сүйеніп жұмыс істейтінін жеткізді.
Вилли Кемпель, Аустрия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Біздің елдер арасындағы қарым-қатынасты өте жоғары деп бағалар едім. Бірақ оны тереңдетуге мүмкіндік те, әлеует те бар. Қазақстан Президентінің Жолдауы экономиканың барлық саласын қамтиды. Құжатта айтылған салалар мен үшін ынтымақтастық пен өзара сенім рухында, сондай-ақ тиімді мүдделерде жұмыс істеу үшін бастама болады.
Финляндия – Еуроодақтағы Қазақстанның тағы бір сенімді серіктесі. Өткен жылдың 11 айында қос ел арасындағы сауда көрсеткіші 300 млн АҚШ долларына жеткен. Елші байланысты бекемдей түсетін салаларды атады. Олар – білім беру және цифровизация.
Сойли Макелайнен-Буханист, Финляндия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бізді ортақтастыратын тұстар көп, соның бірі – қытымыр қысымыз. Біздің елде де Қазақстандағы сияқты қысқы спорт түрлері дамыған. Пандемия аяқталғаннан кейін біз екі елде де саяхатшылар мен студенттерді, бизнес өкілдерін көбірек көреміз деп үміттенемін. Мен елдер арасындағы экономикалық және сауда-саттық байланыстарды кеңейту үшін бар күшімді саламын.
Мажарстан немесе ресми Венгрия. Венгрлер Қазақстанды өздерінің ата-жұрты санайды, туыс деп жақын тартатыны бар. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 102 млн долларды құраған. Бұл екі елдің әлеуеті үшін әрине тым аз.
Михай Матяш Галошфаи, Венгрия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан – Венгрияның Орталық Азиядағы стратегиялық әріптесі. Саяси, сауда және экономикалық салалардағы табысты коллаборациядан басқа, біздің мәдениет, білім және ғылым саласындағы өзара іс-қимылымызды да атап өткім келеді. 2013 жылдан бастап Венгрия қазақстандық студенттерге жоғары оқу орындарында оқу үшін білім беру гранттарын ұсынады. 2018 жылы стипендиялар саны 2150-ге дейін өсті, ал бірінші жылы олардың саны небәрі 45 қана болды. Біздің тиімді ынтымақтастығымыз жылдар өткен сайын кеңейе түсетініне менің сенімім мол.
Президент коронавирус пандемиясына байланысты мемлекеттің мейлінше күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанын айтты және елшілердің ісіне сәттілік тіледі. Осылайша төрт елдің өкілдері Ақордадан үлкен жүк арқалап қайтты. Олар саясатта серік, дипломатияда дос, сауда-саттықта өзара пайда принциптері бойынша жұмысты жандандыруға кіріспек. Себебі елдестірмек елшіден.
Авторы: Гүлжан Марқабаева