Қ.Тоқаев: Елдер арасындағы кикілжің БҰҰ жарғысына сәйкес реттелуі керек
Біздің ел әлемде тұрақтылық орнағанын қалайды. Сол бағытта бірнеше бастама көтерді. Қазақ жауынгерлерінің халықаралық ұйымның арнайы тапсырмаларына қатысып жатқаны да сондықтан.
Тізе батырғанның тірсегін қиып, азу ақситқанның айылын жиғызып тастайтын қауқар бар қазақ сарбазында. Армиясы айбарлы болмаса, алпауыттар санасар ма еді?!
Қазақ жауынгерлерінің бұғып қалған кезі жоқ. БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясын атқаруға атсалысып келеді. Осыған дейін Иракқа барды, Непалда болды. Кот-д'Ивуар мен Батыс Сахарада ойқастады. Қазір Ливанға болысып жатыр.
Дастан Сейілханұлы, тілші:
- Осыдан ширек ғасыр бұрын қазақ жауынгерлері қапылыста қолға түскен еді. Жау қоршауға алып, жан-жақты оқты қарша боратады. Қанды қырғын кезінде 17 қазақ сарбазы өлім құшты. Көбі жараланды. Ұзын-ырғасы 54 жауынгер із-түзсіз кетті. Бұл оқиға еш уақытта ұмытылмақ емес. Өйткені сол тірес кезінде қазақ жауынгерлері ақтық демі қалғанша шайқасты. Ерлік көрсетті. Олардың бұл әрекетін баһадүрлікке балауымыз керек.
Біздің жауынгерлер көлденең көк аттыдай киліккен жоқ. Керісінше кескілескен ұрысты тоқтатуға тырысты. Тараптарды татуластыруға үлес қосты.
Бауыржан Тұраров, үшінші бітімгерлік ротасының командирі:
- Бізге берілген аумақтарда мобильдік, жаяу патруль және де бекеттердегі қауіпсіздікті қамтамасыз еттік. Ол жерде бізден бөлек 42 елдің бітімгерлері болды. Солармен бірлесе қызмет атқардық.
Шайқас болмасын, бейбіт өмір орнасын деп жүргенде қапыда қарсылыққа тап болған кездері де болды.
Жәнібек Сәбішев, бірінші бітімгерлік ротасының жауынгері:
- Біз көмекке барған Ливан Республикасына шабуыл жасау қаупі төніп тұрған. Біз шекарадағы және ел ішіндегі тәртіпті қадағаладық. Көлікпен патрульдеу жүргізіп жатқанда тас лақтыру, жолды жабу қаупі болды.
Біздің жауынгерлер Ливанға осыдан екі жыл бұрын аттанған. Қазір төртінші ротасы қызмет қылып жатыр. Осыған дейін төрт жүздей сарбаз барып келді. Басында өзге елдерге барып, жаттығуға мәжбүр болды. Қазір өз елімізде машықтарын жетілдіріп жүр.
Бөрі аштығын білдірмейді. Қазақ сарбазы басқа елдерде өгейдің күйін кешкен жоқ. Тас-түйін дайын болып барды. Осы орталықта жүріп, тіл меңгерді. Білімдерін жетілдірді.
Арман Тастанбеков, Қазақстанның бітімгерлік полкі шұғыл жоспарлау қызметінің бастығы:
- Офицерлер ағылшын тілін білу керек. Бізге қойылған негізгі талап осы. Тіл білмесең, ондағы сарбаздармен қарым-қатынас орната алмайсың.
Біздің ел – Орталық Азия аймағында БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясын атқаруға атсалысып жүрген жалғыз мемлекет. Мұны ауыз толтырып айтуға болады.
Қаныш Әбубәкіров, десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы:
- Орталық Азия аймағында бітімгерлерді дайындайтын жалғыз ғана орталық бар. Ол біздің елде орналасқан. Сондықтан көрші мемлекеттің жауынгерлері Қазақстанға келіп, шеберліктерін шыңдай алады.
Рас, қазақ сарбазы осал болса, халықаралық ұйым қазіргідей сенім артпас еді. Президент бітімгершілік миссияларға қатысу мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік екенін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы:
- Сіздер БҰҰ атынан қызмет етіп жатырсыздар. Бұл – абыройлы міндет. Жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке қарай әлемде әлі де қақтығыстар болып жатыр. Соның кесірінен миллиондаған адам ажал құшты. Арасында бейбіт тұрғындар да бар. Қазақстан осындай шиеленістерді реттеуге атсалысып келеді. Соның нақ дәлелі Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес құру туралы бастама көтерді.
Көрші елдерде кикілжің болып жатқанын көз көріп жүр. Тараптардың әлгіндей тіресі БҰҰ-ның жарғысына сәйкес реттелуі керек. Президенттің пайымы осы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы:
- «Бітпейтін» немесе «ұзаққа созылған» деп танылған аймақтық қақтығыстар БҰҰ Жарғысының қазіргі халықаралық құқықтың қайнар көзі және негізі болып табылатын басты екі қағидатының арасындағы түбегейлі қарама-қайшылықтарды айқындады. Бұл – мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттардың өз тағдырын өзі таңдау құқығы. Соңғы қағидат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отарлықтан құтылған кезде өте өзекті бола түсті. Қазіргі уақытқа дейін әлем өзінің даму бағытын анықтады. Сондықтан бүгінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты бірінші орынға шығып, басымдыққа ие болды. Қазіргі қақтығыстарға баға беру кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын басшылыққа алуы тиіс.
Жауынгерлер – ұлт қалқаны. Оны індет өршіген кезде де анық аңғардық. Елдегі тәртіпті қадағалады. Блок-бекеттерде қарауылдады. Мемлекет басшысы соларға алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы:
- Биыл біз бір ел болып пандемияға қарсы күресу үшін күш жұмылдырдық. Осындай жауапты шақта әскери қызметшілер әрқашан алдыңғы шепте болды. Отандастарымыздың өмірін және денсаулығын қорғау үшін аянбай еңбек еткен сарбаздар мен офицерлер нағыз жауынгерлік Ерліктің үлгісін көрсетті. Пандемияға қарсы іс-қимыл шараларына қатысқан барша әскери қызметшіге алғыс айтамын!
Мемлекет әскердің әлеуетін арттыруға әлі де күш салады. Химиялық және биологиялық қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлінеді. Сержанттарды дайындау ісі мықтап қолға алынбақ. Ал командирлер артық жұмыстан енді түбегейлі арылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы:
- Қалыптасқан жағдай командирлерге де ерекше талап қояды. Олар бақылаушы органдар тарапынан өткізілетін түрлі шараға алаңдамай, қажетті бастама мен шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болу керек. Егер әскери қызметшілердің тарапынан құқықбұзушылық деректері анықталса, олар заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ командирлерді жұмыстарынан себепсіз ажыратуға жол берілмейді. Бұл мәселелер құқық қорғау жүйесін реформалау аясында қарастырылуы керек.
Әскери қызметкерлер мемлекет қамқорлығынан қағажу қалмайды. Сарбазы сергек жүрген елдің ертеңгі күнге деген сенімі де нық болады.
Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Жандос Битабаров, Бақытбек Нұртаев