Қ.Тоқаев РФ Қорғаныс министрі С.Шойгуді қабылдады
Бұл ретте қос мемлекет тағы бір ілгері қадам жасады. Қорғаныс министрінің сапары аясында Қазақстан мен Ресей Әскери ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қойды. Ескі келісімге сонау 1994 жылы қол қойылған екен. Жаңа құжат – жаңа қатерлер мен жаңа мүмкіндіктерді ескереді. Оған сәйкес Қазақстан мен Ресей өңірлік қауіпсіздікке, жауынгерлік даярлыққа, әскери білім беру мен халықаралық терроризмге қарсы күреске және басқа да маңызды салаларға қарсы іс-қимыл жасауда белсенді ынтымақтасатын болады.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Сергей Шойгуді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл сапардың мемлекеттеріміз арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты тереңдету тұрғысынан маңызы өте зор. Әскери-техникалық сала, әскери бағыт Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарда маңызды орын алады. Сондықтан да мен Әскери ынтымақтастық туралы келісімді құптаймын және бұл сіздің елімізге жасаған сапарыңыздың маңызды нәтижелерінің бірі деп санаймын. Осы жылдың 24 маусымында Мәскеуде ең жоғары деңгейде ұйымдастырылған үлкен шеру болды және мен осы шеруге арнайы қатыстым. Осы үлкен шараны ұйымдастырушылардың бірі ретінде сізді оның табысты өтуімен құттықтаймын.
Сергей Шойгу, РФ Қорғаныс министрі:
– Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың дәстүрлі стратегиялық және одақтастық сипаты бар. Бүгінгі қол қойған келісімнің аса маңызды екені сөзсіз. Бұл барлық әскери ынтымақтастық туралы келісімдердің ішіндегі ең ауқымдысы әрі мазмұндысы. 24 маусымда Қызыл алаңдағы шеруге қатысу туралы шешім қабылдағаныңыз үшін мен де алғысымды айтқым келеді. Бұл сапарыңыз осы күрделі жағдайларға қарамастан, біздің қарым-қатынасымыздың деңгейін көрсетеді. Мен бірінші кезекте, әрине, пандемияны айтамын. Пандемияға байланысты шараға барлығы бірдей қатыса алмады.