Президент «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен бейнебайланыс өткізді
Қазір әлемдегі мұнай бағасы құбылып тұр. Салдарынан экспорттан түсетін кіріс азайған. Сондықтан Теңіз кен орнындағы өндіріс қуатын кеңейтіп, Қарашығанақ бойынша жобаны уақытылы іске қосу Қазақстан үшін өте маңызды. Бұл мәселені бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен бейнебайланыс форматында өткен кездесуінде талқылады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жылына 11 миллион тоннаға дейін қара алтын өндіру қажеттігін айта келе, «Шеврон» компаниясының Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Бұдан бөлек, Теңіз кен орнындағы жобаны іске асыруда қазақстандық өнімдерге сұранысты арттыруға барынша жағдай жасауға шақырды. Осы бағытта жергілікті үлес қорын құру жайын қарастыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Келесі жылдың ортасына дейін әлемдік нарықтағы ахуал күрделі болады. Бүкіл жағдай вакцинаның қай кезде шығарыла бастайтынына байланысты болып отыр. Қазақстанда сынақтан өткізіліп жатқан екпенің нәтижесі жаман емес. Сондықтан екінші жарты жылдықта тұралап қалған жобаларды қайта жандандырып, әріптестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік туады деп сенемін.
Майкл Уирт, «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры:
– Біз Қазақстанда ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келеміз. Алдағы уақытта да энергетикалық шикізат саласындағы әріптестігімізді одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Соның ішінде Қарашығанақ пен Теңіз бойынша жоспар көп. Осы секілді жобаларды іске асыруда сенімді серіктестеріңіз болғанымызға қуаныштымыз.