Мәжіліс үшжылдық бюджет пен кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын мақұлдады
Биылғы қазына қаржысы пандемия жағдайында ерен еңбек еткен дәрігерлер мен полицейлердің қызметіне қосымша ақы беру үшін нақтыланып отыр.
Мәжіліс бүгін үш жылдық бюджетпен қоса ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттерге қатысты заң жобаларын мақұлдады.
Карантин кезінде тер төгіп, үлкен жүктемемен жұмыс істеген медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу үшін бюджеттен 143,4 миллиард теңге қаражат, ал Ішкі Істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 11,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бүгін Мәжіліс депутаттары 2020-2022 жылдарға арналған бюджетті нақтылау жобасын мақұлдады. Биыл бюджет 300 миллиард теңгеге қысқартылып отыр. Мәжіліс депутаттары жоспарлаудың осалдығын ортаға салып, Ұлттық экономика министрілігін сынады.
Жәмила Нұрманбетова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бүкіл облыстың бюджетіне сай келетіндей қомақты сома. Тіпті қысқарту деуге келмейді, қаражат игерілмей қалатындықтан, оны қайта бөлу деген дұрыс. Бұлай қысқартудың негізгі себебі – сапасыз жоспарлау. Жыл соңында осындай қадамға бармау үшін не істейсіздер?
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
– Биыл жаңа стратегиялық жоспарлау форматы енгізілді. Олар бекітілгеннен кейін ғана шекті сома айқындалуы тиіс. Бюджеттік өтінім кезінде-ақ бағдарламаның экономикалық пайдасын анықтау ұсынылмақ.
Қаржы министрінің айтуынша, ведомство биыл бюджет жобасы электронды түрде ашық форматта әзірлеуге көшкен. Жақында мемлекеттік сатып алу порталымен интеграция жасалмақ, бұл тиімді жоспарлауға сеп. Мәжіліс депутаттары тікелей инвестиция қорына бөлінген 70 миллиард теңгеге жуық қаржының қалай жұмсалатынын да сұрап білді.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Сіздің министрлігіңізге Астана халықаралық қаржы орталығының әкімшілігі акционерлік қоғамына Қазақстанның инвестициялық даму қоры тікелей инвестициялар қорының жарғылық каптиланы толықтыру үшін 68,8 миллиард теңге көзделіп отыр. Астана халықаралық қаржы орталығы осы қаражатпен не істейді, бұл қаржыны дәл қазір бөлу қаншалықты қажет?
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
– Бір тиын тартылған қаражатқа қосымша тағы да бір теңге қаражат тартуға міндетті. Яғни 68,8 миллиард теңгеге 120 миллиард теңге шамасында 120 миллиард теңге шамасында шетелдік инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат Каспий жағасындағы туристік саланы дамытуға жұмсалмақ, себебі келесі жылдың жазына дейін инфрақұрылымды жөндеу қонақ үйлер бизнесін бастау керек.
Елбасының тапсырмасымен педагогтар мәртебесі туралы заң қабылданды, Мемлекет басшысы ұстаздардың жалақысын арттыруды табыстады. Алайда бұл тиісті деңгейде толық орындалмаған.
Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Педагогтардың жалақысын 25 процентке арттыру ағымдағы жылы білім беру және мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне ғана қатысты болып, ал әкімдіктер жанындағы спорт саласындағы білім беру ұйымдарының педагогтары мемлекеттің қолдауымен қамтылмай қалды. Оларды бюджетті нақтылау аясында енді ғана еске түсірді. Пайда болған берешекті төлеу қашан басталалы?
Ералы Тоғжанов, ҚР Үкімет басшысының орынбасары:
– Расында айтылған олқылық орын алды десем артық емес. Мәдениет және Спорт министрлігінің олқылықтарына байланысты бюджеттен тыс қалып қойғанын мойындау керек. 3743 5 миллиард 86 миллион ақша бұған қарастырылып отыр. Осы шешім қолдау табатын болса, Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданатын болады. Үш күннің ішінде жергілікті жерлерге осы мәселенің барлығын жеткіземіз.
Сондай-ақ ауылдық елдімекендерді фелдшерлік-акушерлік қосындармен, дәрігерлік амбулаториялармен қамту ісі кенжелеп қалған. Денсаулық сақтау министрлігі тек 7 нысан бойынша ғана құжат әзірлеп, бюджетке енгізген. Президенттің бұл тапсырмасына Үкіметтің немқұрайлы қарауы депутаттардың алаңдаушылығын тудырды.
Иван Клименко, ҚР Парламенті Мәжілісінң депутаты:
– Ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салу туралы Президенттің тапсырмасы бар. Бір апта бұрын «Нұр Отан» партиясы фракциясының отырысында талқыладық. Қазір бұл істі атқару қандай деңгейде?
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Қазір 7 фельдшерлік акушерлік пункт бойынша нақты бюджеттік өтінім бар. Олар тұрғызылса, 8,8 мың адам медициналық көмекке қол жеткізеді. Болашағы бар 137 ауылда медициналық нысандар ашылуы тиіс,ол кезде 51 мың тұрғын дәрігерлік көмек ала алады.
Осы ретте Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Елбасы мен Президенттің тапсырлаларын орындауға барлығымыз бірдей жауаптымыз, Үкімет дәл осы мәселені аяғына дейін жеткізіп шешуі тиіс», – деді.
Мәжіліс спикері несиенің шағын және орта бизнеске қолжетімді болуы қажеттігін еске салды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мақсат бюджет қаржысының бір тиынын шашау шығармай уақтылы игеру екендігін айтып, депутаттық корпус оны ұдайы бақылайтынын жеткізді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
– Алдағы үш жылдық бюджетінде ең біріншіден пандемия кезінде азаматтарды қолдау жағдайы ескерілді. Сонымен бірге жылдағы дәстүр бойынша экономиканы дамыту, әлеуметтік міндеттер денсаулық, білім, еңбек салаларына ерекше назар аударылды. Себебі республикалық бюджетті қалыпастыру бұл – Елбасы және Мемлекет басшысы жүктеген барлық міндеттерді сапалы орындаудың кепілі.
Депутаттар бүгін сондай-ақ 2020-2022, 2021-2023 жылдарға арналған Заң жобасында Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын мақұлдады. Келер жылы бюджетке 2 700 миллиард теңге, 2022 жылы 2 400 миллиард теңге кепілдендірілген трансферт берілмек.
Авторы: Индира Жылқайдарова