Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты
Бұл жайында Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Сондай-ақ келер жылдан бастап күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі де артпақ.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінде жаңа орынбасар лауазымы пайда болады. Президент министрдің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметін енгізуді тапсырды.
Қазір қауіп көп. Жаһандық масштабта да, жекелеген аймақтарда да. Әлемдегі ахуал күрт әрі кілт өзгеріп жатыр. Президенттің сөзінше, қазіргі қауіпсіздік архитектурасы да дағдарысқа ұшыраған. Мемлекет басшысы ішкі толқулар, төңкерістер елдің тұтастығына сөзсіз әсер етеді деп санайды. Оған Брест бітімінен бастап Қап тауындағы соңғы жағдайлар куә.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
– Біз егемен елімізді нығайтамыз десек, әскеріміздің әлеуетін арттыруға баса мән беруіміз керек. Бұл менің басты назарымда болады.
Президенттің пікірінше, осыған дейін Қарулы Күштердің қызметінде қазір басымдық беретін бағыттар бар. Соның бірі әскердегі моральдық-психологиялық ахуал. Президенттің пікірінше, сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеру дәл қазір аса маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
– Әскери қызметшілер басты назарда болуы керек. Әскердегі моральдық-психологиялық ахуалға және сарбаздардың жауынгерлік рухына көп нәрсе байланысты. Мұны сіздер өте жақсы білесіздер. Сондықтан армиядағы идеологиялық және тәрбиелік мәні бар жұмыстар барлық деңгейде және үздіксіз атқарылуы тиіс. Бұл мерзімді әскери қызмет кезеңіне және сержанттар мен офицерлерді даярлау ісіне қатысты мәселе. Сонымен қатар мұндай шараларды әскерге шақырылатын жастар арасында жүргізу қажет. Отан қорғау қасиетті борыш екенін олардың санасына сіңіруге тиіспіз. Патриоттық рухта тәрбиеленген ұрпақ қана Қарулы Күштеріміздің күш қуатын арттыра алады.
Осылай деген Президент келер жылдың 1 қарашасына дейін Қазақстан әскері үшін идеологиялық-тәрбиелік жұмыстардың тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Отандық армия ашқұрсақ жүрмеуі тиіс. Келесі жылдан бастап күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі артатын болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
– Біз әскери қызметшілердің тұрмыстық мәселелерін кезең-кезеңмен шешіп келеміз. Жаңа жылдан бастап күштік құрылымдарға арналған азық-түлікке бөлінетін қаржы көлемі артатын болады. Сондай-ақ мен алдағы 3 жыл ішінде әскери қызметшілерге берілетін қаржылай төлемді орташа есеппен 30 пайызға көбейту туралы шешім қабылдадым.
Президенттің ойынша, қазақстандық армия ең озық цифрлық технологиялармен және құралдармен жабдықталуы тиіс. Бұл мәселені шешу үшін Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары қызметі енгізіледі. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қарашасына дейін Әскери бағыттағы біртұтас ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторын құруды тапсырды. Жоғарғы Бас қолбасшы армия әскери машығын ұдайы шыңдап отыру керек деген ойда. Осыған орай Қорғаныс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2021 жылдың 1 тамызына дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгерлік операцияларына қатысуын кеңейту жөніндегі жол картасын әзірлеуді міндеттеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
– БҰҰ миссияларына және командалық құрам мен штабтардың офицерлеріне, әскери және қамтамасыз етуші бөлімшелерге, соның ішінде Қарулы Күштердің ұшқыштары, полицейлері, дәрігерлері мен психологтарына қатыса отырып, өз дағдыларын жетілдіруі керек. Сонымен қатар бітімгершілік қызмет – бұл әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын нығайтуға арналған нағыз мектеп. Қазақстандық Қарулы Күштердің және жалпы елдің беделін арттырумен қатар, ол мінез-құлықтың жалпы мәдениетін дамытуға, біздің офицерлеріміз бен сарбаздарымыздың ой-өрісін кеңейтуге ықпал етеді.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Бейрут портындағы жарылыстың салдарын жою кезінде Ливан халқына көрсеткен көмектері үшін Қарулы Күштердің әскери дәрігерлеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрес кезінде өздеріне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарған барлық әскери қызметшілерге алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
– Қауіпті дертті ауыздықтауда әскери қызметшілер зор үлес қосуда. Олар нақты көмек көрсетті. Сонымен бірге осындай сын сағатында әскердің жауынгерлік әзірлігі шыңдалып, ширыға түседі. Індетпен күрестің алдыңғы шебінде әскери химиктер мен дәрігерлер де болды. Ортақ іске әскери бөлімшелердің жеке құрамы және арнайы жиындарға шақырылған азаматтар да атсалысты. Биыл Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен адамдарға әскери қызметшілер көмекке келгенін барша жұрт біледі. Осылайша сарбаздарымыз бейбіт күнде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсетті.
Президент бүгін қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілерге арнап орнатылған «Мәңгі есімізде» монументіне гүл қойып, тағзым етті.
Сондай-ақ Президент елдің Қарулы Күштерінің құрамындағы радиоэлектронды күрес жүргізуге арналған заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтардың үлгілерімен танысты.
Авторы: Гүлжан Марқабаева