«Ауыл» партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған 19 үміткерге куәлік табыс етілді
Партияның сайлауалды бағдарламасында көпшіліктің көкейін кернеген күрмеуі қиын мәселелер көп. Солардың бірі әрі ең өзектісі – жер тақырыбы.
«Ел аманаты» деп аталатын жалпыұлттық сауалнама қорытындысына сәйкес қатысушылардың басым бөлігін жер мәселелері алаңдататын болып шықты. Әсіресе бабадан қалған аманаттың шетелдіктерге сатылуы немесе жалға берілуі жайлы жағдайлар халықты қатты толғандыратын көрінеді.Осыны назарға алған «Ауыл» партиясы бұқараның мүддесін ескеріп, жерге қатысты мәселені бір жақты етіп заңдастыруға күш салмақ.
Әли Бектаев, «Ауыл» ХДПП төрағасы:
– Негізгі мәселе шетелдіктерге жерді сатпау немесе шетелдіктерге жерді жалға бермеу мәселесі. Ол біздің түбегейлі ұстанымымыз. Одан бөлек жер – ауылшаруашылығындағы негізгі құрал. Жұмыс жасайтын құрал, өнім өндіретін құрал, ауылдықтарды осы елді қоректендіретін құрал, азық-түлікті қамтамасыз ететін құрал. Сондықтан жерді пайдалануда тиісті деңгейде тәртіп болу керек.