Қ.Тоқаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашты
Жетінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Осы жолғы сайлауда кейбір партияларға дауыс жетпей қалғанына өкініш білдірген Президент бұл шешім елдегі саяси бәсекелестікті күшейтеді деген сенімде.
Сондай-ақ Президент барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізуді тапсырды. Осылайша Мемлекет басшысы елдегі саяси реформалардың жалғаса түсетінін меңзеді. «Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді» деген Президент жаңғырған жаңа Мәжіліске қандай жаңа міндеттер жүктеді?
ХХІ ғасырдың 21 жылы Қазақстан үшін саяси реңкпен басталды. Осыдан тура бес күн бұрын Мәжіліс пен мәслихат депутаттары сайланды. Жетінші шақырылым, Мәжілістің жаңа құрамы, алғашқы сессия, бірлескен отырыс. Оны Президенттің өзі ашты. Мемлекет басшысы бірден: «Бізді ауқымды істер күтіп тұр», – деді. Құрам жаңа болғанмен, міндет бұрынғыдай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қатысатынын білгені жөн.
Президент жетінші шақырылған депутаттарға жеті тарам тапсырма жүктеді. Алғашқысы – құқығы қорғалған қоғам құру. Президенттің пікірінше, адамның құқығы аяққа тапталған ортада ешқандай өсім болмайды. «Сот саласында басталған реформаны соңына дейін жеткізу керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйткілдер бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауы тиіс. Сондықтан сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн. Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет.
Білім беру сапасындағы теңсіздікті жою, отандық медицинаны күшейту, бұқаралық спортқа мән беру. Бұл Президент жүктеген екінші міндет, яғни бір сөзбен айтқанда – тиімді әлеуметтік саясат жүргізу. Бұл ретте Президент айтқан бір тапсырма орындалды, бүгіннен бастап қазақстандықтар зейнетақы жүйесіндегі жинақтарының бір бөлігін қажетіне жұмсай алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әлеуметтік инфрақұрылымның тағы бір басты элементі – отандық зейнетақы жүйесі. Ол әділ, тұрақты, адамдардың мүдделеріне сай болуы керек. Біз өте маңызды реформаны – зейнетақы активтерін ішінара алу және пайдалану мүмкіндігін іске қостық. Сонымен қатар азаматтарға өз жинақтарын түрлі құралдар арқылы басқаруға мүмкіндік беру қажет. Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Оны іс жүзінде іске асыру заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететіні анық. Жалпы Парламенттің жаңа мүшелерінен әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша белсенді жұмыс күтемін.
Қазақстанда «Өнеркәсіптік саясат туралы» жаңа заң қабылданатын болды. Ол құжатта отандық бизнесті қолдаудың нақты шаралары жазылады. Ұлттық экономиканы ұтымды ете түсуге қатысты тың ойларды Президент 29 қаңтарда өтетін Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысында талқылауды ұсынды. Президент жүктеген төртінші тапсырма – өңірлерді дамыту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді. Жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдетіп, өкілді және атқарушы органдардың дербестігін арттыру маңызды. Осы орайда мен мәслихат депутаттарына мына мәселені баса айтқым келеді. Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз сайлаушылардың мүддесін қорғайтын сапалы әрі салмақты шешімдер қабылдауға ықпал етуі керек.
Соңғы бір жылда Президенттің аузынан біз жиі естіген сөз – саяси жаңғыру болатын. Көппартиялы Парламент құруға деген талпыныс партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін берілген 30% квота осы бағытта атқарылған жұмыстардың бір парасы болатын. Енді Қазақстанның ауылдары да саяси жаңғырады. Биыл жекелеген ауылдық округтер өз әкімдерін сайлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз осы жолғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қаншалықты қызу өткеніне куә болдық. Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсысында белгілі бір саланы жетік меңгерген білімді, білікті азаматтар да бар. Солар Парламенттің биік мінберінен айтылуға тиіс көптеген өзекті мәселелерді дер кезінде әрі орынды көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері Парламентке өтсе, ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді, ортақ жұмысқа тиімді болар еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек.
Бүгін Президент елдегі саяси процеске қатысты тағы бір тың ұсыныс айтты. Ол – барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізу. «Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!», – деп дәйектей түседі өз ұсынысын Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біздің басты мақсатымыздың бірі – адам құқықтарын толық қорғау. Бұл ретте азаматтардың таңдау еркіндігін барынша қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік тәжірибеде адамның қандай да бір сайлауға келіспейтінін немесе үміткерлердің бәріне қарсы екенін заңды түрде білдіру құқығы кеңінен қалыптасқан. Шын мәнінде баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?!
Омбудсмен туралы арнайы заң қабылдау, адам құқығы жөніндегі уәкілдің дәрежесін көтеру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының депутаттық корпусқа арналған үндеуі тура жарты сағатқа созылды.
Президент пайымынша, Парламент проблемалардың шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс. Және заң әзірлеу барысында біреулердің жеке мүддесін қорғауды қою қажет. Халықтың таңдауы түскен екен, халықтың қамын жеу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселелер, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек. Азаматтардың наразылығын туғызуы мүмкін даулы мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнату – басты талаптың бірі. Парламенттің алдында маңызды екі міндет тұр. Бұл – сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналу. Жалпы еліміздің заңнама жүйесін кешенді түрде жетілдіру керек. Заң нормаларын әзірлеу барысында біреулердің жеке мүддесіне бола лобби жасауды түп-тамырымен жою қажет. Сіздер, ең алдымен, сайлаушылардың сұранысын басшылыққа алып, тәуекел мен қатердің бәрін де саралауға тиіссіздер.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
– Жетінші шақырылым, жеті тапсырма. 7 санын киелі, қадірлі санайды қазақ. Мұндай сандар символикасына Мәжілістің жаңарған әрі жасарған құрамы мән бермеген де болуы мүмкін, дегенмен жүктелген міндеттердің жүгі жеңіл емес. Оның үстіне Президент елдің не күтетінін ашып айтты. Елге жасанды жетістіктер емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижелер керек.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев