Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы болып сайланды
Төраға кандидатурасын Мәжіліс құрамына енген үш партияның өкілдері де қолдады. Айта кетейік, бұған дейін Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі партия фракциясының жетекшілігіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынған болатын. Бүгінгі пленарлық отырыста Төрағаның орынбасарлары сайланып, депутаттардың жаңа құрамы ант берді.
VII шақырылым депутаттары төрағалық қызметке Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Бұған дейін оны Мәжілістегі партия фракциясының жетекшілігіне Nur Otan партиясының Төрағасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған. Елбасының ұсынысын депутаттар бірауыздан қолдады. Депутаттар Нұрлан Нығматулиннің кәсібилігін, мол тәжірибесін, Елбасы мен Президенттің тапсырмаларын орындау жөніндегі нәтижелі жұмысын атап өтті.
Сауытбек Абдрахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің бұл қызметке ұсынылған кандидатурасын ол кісі тіпті осыған дейін Мәжілісті басқарып көрмесе де, бұл күнге дейін Мәжілісті басқарып келмесе де қолдар едім. Өйткені Нұрлан Нығматулин қалада да, министрлікте де, облыста да, әкімшілікте де басшы қызметте болып, олардың қай-қайсысында да өмірдің үлкен сынағынан өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сынына шыдас беріп, қазақша айтқанда, от пен судан өткен тұлға.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы атынан сөйлеген Азат Перуашев Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын қолдап, оның ашықтық пен әділдікті ту еткен басшы екендігін айтты.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Нұрлан Зайроллаұлымен біраз жылдар бойы тығыз жұмыс істеп, талай күрделі жағдайдан өтіп, оның мемлекетшілдігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, адамгершілігіне, кәсібилігіне куә болдық. Көпшілік партиясының өкілі болса да, Парламент ішіндегі партияаралық тең дискуссияларға, әділеттік қарым-қатынастарға себепші әрі әділ төреші болды және бола беретініне еш күмәніміз жоқ.
Ал «Қазақстан халық партиясы» атынан Айқын Қоңыров Нұрлан Нығматулиннің еліміздің парламентризмін дамыту жолында бар күш-жігерін салған біліміне білігі сай басшы деген пікір білдірді.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мен қарапайым депутат ретінде, содан кейін фракция жетекшісі ретінде Нұрлан Зайроллаұлымен Парламент Мәжілісінің V және VI шақырылымдарында жұмыс істедім. Нұрлан Нығматулин – еліміздің парламентризмін дамыту жолында бар күш-жігерін салған нағыз халық қалаулысы. Жоғары заң шығарушылық органда өте білікті басқарушы екенін кезекті рет дәлелдеді.
Өзге де депутаттар сөзі мен ісі сәйкес келетін, атқарған шаруасы тиянақты басшы екендігіне күмән келтірмейтіндерін жеткізді. Қайта сайланған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин өзіне артылған міндетті, сенімді толық ақтауға уәде берді.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
– Ең алдымен, мені тағы да осы жоғары лауазымды қызметке Мәжіліс Төрағасы ретінде сайлағандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Ең біріншіден, бұл – мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан әрқашанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіме жүктеген міндеттерін жоғары деңгейде орындау үшін, сіздердің және біздің сайлаушылардың сенімдерін ақтау үшін мен барлық жинаған білімімді, жинаған тәжірибемді жұмсайтын боламын.
Жалпы отырыста Конституциялық заңға сәйкес, Мәжіліс Төрағасы палатаның вице-спикерлері қызметіне Балаим Кесебаева мен Павел Казанцевтың кандидатураларын талқылауға ұсынды. Депутаттар бірауыздан қолдады.
Айта кетейік, бүгін сондай-ақ Мәжілістің тұрақты 7 комитетінің басшылары сайланып, құрамы бекітілді. Жаңа заңға сай, Мәжілістің кемінде бір комитетін парламенттік оппозиция өкілі басқаруы тиіс. Мәселен, әлеуметтік-мәдени даму комитетін Жәмила Нұрманбетова, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетін Қанат Мусин басқаратын болды.
Бүгінгі жалпы отырыста сондай-ақ депутаттардың жаңа құрамы адал қызмет атқаратындарын айтып, ант берді.
Индира Жылқайдарова: тілші:
– Осылайша 7 шақырылымның 1 сессиясының жұмысы басталып кетті. Өткен шақырылым депутаттары 60-қа жуық заңға бастамашылық етті. Бұл бұған дейінгі 5 шақырылым депутаттарының бастамаларын қоса алғаннан да көп екендігін Президенттің өзі атап өтіп, осы қарқыннан жаңылмайтынына үміт артты. 7 шақырылымда депутаттық корпус 70 процентке жаңарды. Ашықтық, адалдық, әділдік Мәжілістің басты ұстанымы болып қала беретініне үлкен сенім бар.
Авторы: Индира Жылқайдарова