Қ. Тоқаев: әрбір азамат ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленуге мүмкіндік алуы тиіс
Соның 112-сі – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының құрылымына кіретін кәсіпорындар. Қасым-Жомарт Тоқаев «Samruk Business Forum» отандық тауар өндірушілерді қолдау форумына қатысты.
«Жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуы тиіс. Кез келген кәсіпорынды жекешелендіруді оның тиімділігін жақсарту, ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру деп түсіну керек. Бірақ жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуі тиіс», – деді Президент.
«Asia Trafo» – трансфарматорлық құрылғылар шығаратын Орталық Азиядағы ең ірі зауыт әрі «Самұрық-Қазына» қоры off-take шартқа отырған алғашқы кәсіпорын. Яғни зауыт өндірген өнімді қор сатып алуға кепілдік береді және бұл келісімшарттың мерзімі ұзақ.
Ахметжан Есімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Қазіргі таңда импортты алмастыру бағдарламасы аясында инвестиция көлемі 218 млрд теңгенің 42 жобасы мақұлданды. Құны 27 млрд теңге болатын шарттарға қол қойылды, 2000-нан астам жұмыс орны құрылды. Импортты алмастыратын өнім шығаруды жолға қойған кәсіпорындар бюджетке 18 млрд теңгеден астам салық төледі.
Мұндай келісімшарттардың құны 67 млрд теңгеге жетті. Яғни осынша қаржы ұлттық экономикада қалды деген сөз. Президент қордың жұмысына оң бағасын берді. Қазіргідей қиын тұста мемлекеттік ірі корпорациялар мен бизнестің бір болмағы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Озық технология – өнімді нарыққа таратудың ұтымды саясаты және білікті мамандар үшін табысқа жетудің негізгі көзі. Оны іс жүзінде дәлелдеген компанияларымыз аз емес. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз әділ бәсекеге түсіп, ұзақ мерзімді келісімшарттарға қол жеткізе білді. Бұл – Қазақстанда өндірілген өнімнің сапасы жоғары деген сөз. Осы компаниялардың бірқатары өз тауарын экспортқа жөнелтіп жатыр. Бірақ ондай кәсіпорындардың саны әлі көп емес. Сондықтан мемлекет пен мемлекеттік корпорациялар тарапынан ұдайы қолдау көрсетіле береді. Бұл дұрыс шешім, дұрыс бағдар деп айтуға болады. Қисынды саясат.
Біз әлі күнге дейін ретке келтіре алмай жүрген бір сала болса, ол – мемлекеттік сатып алу процесі. Өткен жылдың тоғыз айында мемлекеттік сатып алу көлемі 12 трлн теңгеден асқан. Соның тек 6.5 трлн ғана отандық тауар мен қызмет түріне жұмсалыпты. Сатып алу барысында импорттық өнімді отандық тауар деп таңбалау тыйылмай тұр. Өзімізді өзіміз алдағаннан ұтарымыз аз. «Бұл – бизнестің басты қаупі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сатып алу конкурстарында импорттық өнімдерді отандық тауар ретінде көрсету әлі де кездеседі. Бұны мойындау керек. Мұндай жағдайлар жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкерлер мен квазимемлекеттік сектордың осындай әрекетке көз жұмып қарайтын қызметкерлерінің кесірінен орын алып отыр. Бұл – бизнестің басты қаупі. Оның дамуына кедергі келтіреді. Біз қазірдің өзінде квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тиісті әкімшілік жауапкершілікті енгіздік. Үкімет те, қор да бұл мәселені қатаң бақылауы керек. Кәсіпкерлер мұндай мәселелердің тез әрі тиімді шешілуін күтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Отандық өнімді анықтайтын әдісті жетілдіру керек», – деп санайды. Тендер деген жеңдер деген сөз емес. Бұл процеске тазалық керек. Оның амалы біреу – цифрландыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Аталған саланы цифрландыру «қисынсыз» шешімдерді тез анықтауға және сүзгіден өткізуге, артық бағалардың алдын алуға және сапалы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді. Тендерлер мен конкурстық комиссиялардың шешімдері арасында келіспеушілік туындаған жағдайда ондай дауларды шешудің ашық механизмін әзірлеу қажет. Осы және басқа да аспектілер «Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу туралы» Заңда бекітілуі керек. Заң жобасы Парламентке жіберілді. Депутаттардан мұны осы сессияда мұқият қарап, қабылдауды сұраймын.
Экономиканы мемлекет меншігінен шығару. Бұл – біле білген кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін үлкен мүмкіндік. Алдағы төрт жылда 700-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын жекешелендіруге шығарылмақ. Оның 112-сі «Самұрық-Қазына» қорының құрылымына енеді. Президент өз сөзінде мемлекет меншігінен шығару саясатының үш негізгі қағидатын атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірінші, жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуі тиіс. Өкінішке қарай, бізде инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орынсыз жекешелендірулерге жол беруге болмайды. Мысалы, теміржолдар мен тұйықтар, өнім тасымалдайтын құбырлар. Бұл жөнінде Үкіметтің жуырда өткен отырысында айттым. Мұндай олқылықтарға енді жол бермеу керек. Бұған Үкімет пен қор жауапты.
«Жекешелендіру бюджетке түсетін салмақты азайтуы тиіс», – дейді Президент. Яғни жекенің қолына өткен кәсіпорын түрлі жеңілдік пен грантқа телмірмей, өз күнін өзі көруі тиіс. Тауарларын экспортқа шығарып, көрсететін қызметтері арқылы пайда табуы қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуы тиіс. Кез келген кәсіпорынды жекешелендіруді оның тиімділігін жақсарту, ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру деп түсіну керек. Осы ретте инвесторлардың да міндеттерін анықтау қажет. Олар: төленетін салық көлемі, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек жағдайларын жақсарту.
Жекешендірудің барлық процесі ашық әрі тиімді өтуі тиіс. Себебі бұл – мемлекеттің меншігі. Демек, халық оның барлық шартын білуге құқылы. Президент «Халықтық IPO» арқылы жекешелендіру жайын да айтып өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, «еліміздің әрбір азаматы ұлттық байлықтың бір бөлігін иеленуге мүмкіндік алуы тиіс».
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қордың инвестициясы да ұлттық экономикаға бағытталуы үшін инвест-портфельдерді әртараптандыру маңызды. Ұлттық әл-ауқат қоры өзінің атына сай болуы керек. Менің бұған күмәнім жоқ. Ел экономикасы үшін қордың орасан зор маңызын ескере отырып, жалпымемлекеттік басымдықтарға қол жеткізу жолында одан әрі дәйекті жұмыс істей береді деп сенемін.
Форум барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа инвестициялық бастамалар, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының бірқатар цифрлық жобасы таныстырылды. Жиын қорытындысы бойынша, құны 52 млрд теңге болатын off-take шарттарға қол қойылды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы