Қ. Тоқаев: негізгі процессуалдық шешімдердің барлығы прокурорлық сүзгіден өтуі тиіс
Осы өзекті мәселені Бас прокуратураның басшылық құрамымен кеңес өткізген Президент те айтты. Алаяқ ұйымдарға алданған қазақстандықтардың қаржы пирамидасына ұрынуының алдын алу керек. Осындай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиында жүктеді. Ол: «Жеке адамдар мен бір мекеме мүддесі емес, халық пен мемлекеттің мүддесі қорғалуы тиіс», – деді. Сондай-ақ Президент тарапынан өкілеттіліктерді өзара бөлісе алмай, тартысып жүрген мемлекеттік органдарға ескерту жасалды.
Өткен жылы Қазақстанда қылмыс 33% төмендеген. Мойындау керек, бұл – жақсы көрсеткіш. Сондықтан кеңес барысында Президент құқық қорғау жүйесінің жұмысына оң бағасын берді. Бірақ елдегі криминогендік ахуал сипатталған слайдта бізді алаңдатқан бір статистика болды. Былтыр балаларға қатысты жыныстық қылмыс 4% артқан.
Ғизат Нұрдәулетов, ҚР Бас прокуроры:
- Балаларды зорлау, адам өлтіру секілді қылмыстар қоғамда үлкен резонанс тудырады. Сіздің тапсырмаңыз бойынша мұндай ауыр қылмыс түрлеріне жаза күшейді. Кәнігі ұрылар мен алаяқтар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Педофилдер мен броконьерлерге жаза қатаңдатылды. Балаға қатысты жыныстық қылмыс жасалған әрбір фактіні жеке әрі қатаң қадағалайтын болдық.
Бір де бір заң бұзу дерегі прокурор назарынан тыс қалмауы тиіс. Бұл – Президенттің пайымы. Салада жүргізілген реформалар жалғаса береді, тоқтамайды. Себебі мойындау керек құқық қорғау органдарына деген халықтың сенімі әлі де селдір.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алдағы реформалар кезінде прокуратура органдарының орны ерекше болады. Бүгінде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілуде. Соның арқасында бір айдың ішінде 692 адамды қылмыстық қудалаудан арашалап қалдық. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Негізгі процессуалдық шешімдердің барлығы прокурорлық сүзгіден өтуге тиіс.
Үздіксіз реформа жүргізілсе де, өзгермейтін бір міндет бар. Ол – азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғау. Өткен он жылда кәсіпкерлерді тексеру үш есеге азайды. Президенттің пікірінше, бұл – енгізілген мораторийлердің арқасы. Бірақ заңсыз тексерулер әлі де тыйылмай тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы үш ай ішінде бизнесті қолдау жөніндегі мобильді топқа осындай деректер бойынша кәсіпкерлерден 500-ден аса шағым түскен. Бақылаушы органдардың болмашы себептің соңын нағыз репрессияға айналдырып жіберетін жағдайлары жиі кездеседі. Құжаттар тартып алынады. Ал оны кәсіпкерлер айлап қайтарып ала алмай жүреді. Жұмыс істеудің орнына бүкіл қызметкер тергеуде болады. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды.
Қаржылық пирамиданың қарапайым халыққа келтіріп жатқан материалдық залалы жыл сайын бірнеше миллиардқа дейін барады. Соңғы уақытта қаржы пирамидаларының қақпанына түсетін қазақстандықтардың саны күрт өсті. БАҚ бетінде жиі жазылған ломбардтар желісі алдап кеткен қазақстандықтардың саны екі мыңнан басталып 17 мыңға жетті. Бұдан Президент те хабардар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көптеген азаматымыз қаржы пирамидаларының құрбаны болуда. Тек бір ғана қылмыстық іс бойынша 17 мыңнан астам жәбірленуші бар. Мұндай қылмыстық істерді жүзеге асыру үшін алаяқтар бірыңғай транзакцияларды бірнеше рет өткізіп барып, жоқ болады. Күмән тудыратын осындай белсенділікті уақытылы анықтаған жағдайда көптеген адамды шалыс басудан сақтап, алаяқтарды жазалауға болар еді. Қайта құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі де бұл істен қалыс қалмауы керек.
Мемлекет басшысы құқық қорғау құрылымдарының іс-қимылдар үйлестіруді жолға қоюды тапсырды. Жеке амбициялар мен бір мекеменің мүддесі емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Президент өкілеттіліктерді өзара бөлісе алмай, тартысып жүрген мемлекеттік органдарға осылай деп ескерту жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өкілеттіліктерді бір-бірінен алу, әркімнің көрпені өзіне тартуы – үлкен қателік. Ешкімнің өз құзыретінен айырылғысы келмейтіні түсінікті. Бірақ мәселенің төркінінде жеке амбициялар мен мекеменің мүдделері емес, барша қоғам мен мемлекеттің мүддесі тұруы тиіс. Осыған байланысты үйлестіру кеңесінің қызметін қайта жасақтау қажет.
Салаға Президент сегіз міндет жүктеді. Соның алтыншысы – карантин шаралары кезіндегі заңдылықтың сақталуы. Біздің қоғамда әділ әрекет ететіндер аз, әсіресе қазіргідей қысылтаяң тұста біздің қоғамға қатаң бақылау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Егер полиция мен санитарлық қызмет тарапынан олқылықтар жіберілетін болса, ондай жағдайда прокуратура бірден қажетті шараларды қолдануға тиіс. Мысалы, жазда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты елдегі ахуал ушыққан кезде менің тапсырмам бойынша прокурорлық тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде келіп түскен шағымдар расталды. Бағаны қолдан өсіргендердің заңсыз әрекеттері расталды. Осыған орай тиісті шаралар қабылданды. Үкімет: «Енді мұндай жағдай қайталанбайды, жүйені қайта қарадық», – деп ақпарат берді.
«Ұлттық экономиканы қолдау үшін Ұлттық қордың қаржысын жұмсауға тура келеді», – деді Президент. Бюджеттен бөлінген әр теңге мақсатқа сай жұмсалып, қоғамға пайда әкелуі тиіс. Мұны қатаң бақылау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өткен жылдың өзінде ғана сіздердің нәтижелі жұмыстарыңыздың арқасында 29 мың қызметкердің жалақыдан қарыз болған 2,7 млрд теңге қаржысы төленді. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Әсіресе кейбір кәсіпорында шиеленістің өршуі байқалады. Мұндай мәселелерде аймақтағы прокурорлар нақты позиция ұстанып, белсенді әрекеттерге баруы тиіс.
Құқық қорғау қызметін технологиялық тұрғыдан жаңарту – келесі бір міндет. Осы технологияның арқасында әкімшілік құқықбұзушылықты анықтау 2,5 есеге артып, өндірілген айыппұл көлемі 27-ден 68% артқан. Дегенмен ең озық технологиялардың өзі кәсіби адамды алмастыра алмайды. Сондықтан Президент прокуратура қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруды нықтап тапсырды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Алмас Омарғалиев, Айдос Серікболұлы