Елбасы Қырғыз Республикасының Президенті С. Жапаровпен кездесті
Президент ретінде алғашқы мемлекеттік сапарын Қазақстаннан бастаған Қырғыз елінің басшысымен Нұрсұлтан Назарбаев кездесті. Кездесу барысында Елбасы оны Қырғыз Республикасының Президенті болып сайлануымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары бауырлас елдер арасында берік байланыс орнағанын айта келе, оны жандандыру қажеттігін баса көрсетті. Елбасының ойынша, әсіресе экономикалық және кәсіпкерлік байланыстарды бекемдей түсу қажет. Қырғыз Президенті өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қазақ-қырғыз достығына қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғысын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
- Құрметті Садыр Нұрғожаұлы, Қазақстанға келгеніңіз құтты болсын! Сізге қырғыз халқы сенім көрсетті. Бір туған қырғыз халқы үшін еңбегіңіз табысты болсын, денсаулығыңыз мықты болсын. Екі елдің арасындағы қарым-қатынас жөнінде көп шара істелді, талай келісімге қол қойылды. Енді стратегиялық серіктестікті жандандыру керек. Қасым-Жомарт Кемелұлымен екі жақты кездесу жақсы өтті. Болашақта қолдан келгеннің бәрін істейміз. Елдің іші тыныш болса, барлық жоспар іске асады. Тек қана табыс, жақсылық тілеймін!
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Рақмет, ардақты Нұрсұлтан аға. Сізді көріп отырғаныма қуаныштымын. Мен сізді тек Орталық Азияда ғана емес, дүниежүзінде абыройы бар, беделі биік саясаткер ретінде сыйлаймын. Сіз – қазақ пен қырғыздың достығын, қарым-қатынасын, ынтымақтастығын бекемдеуге жол салған адамсыз.