Қырғыз Президенті Садыр Жапаров қазақстандық кәсіпкерлермен кездесті
Қазақстан инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды салаларын өркендетуге қомақты үлес қосып келеді. Мәселен, айыр қалпақты ағайынға соңғы 5 жылда құйылған инвестиция көлемі 1.3 млрд АҚШ долларынан асқан. Осы орайда тараптар инвестицияларды жан-жақты қолдау тетіктерін әрі қарай да жетілдіру бойынша шаралар қабылдауға шынайы ниетті екенін білдіріп, іскерлік байланыстарды жалғастыру туралы уағдаласты.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Біз – екі жақты деңгейде ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ аясында да көрші тұрған стратегиялық серіктеспіз. Бұл қазақ бизнесіне инвестициялық жобаларды Қырғыз Республикасында жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алайда қазіргі көрсеткіштер жоғары деңгейдегі екі жақты қатынасымызға сәйкес келмейді. Біз сауда-экономикалық әлеуетімізді толық пайдаланбай отырмыз. Сондықтан сауда айналымына тың импульс беруіміз керек.