Қ. Тоқаев кәсіпкер әйелдерге бейнеүндеу жолдап, мерекелерімен құттықтады
Экономиканың әртүрлі саласын ілгерілетуге атсалысып жүрген нәзік жандылар 1 млн астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел Президенті арулар мерекесіне орай ұйымдастырылған конференцияда осындай үндеу жасады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әр саланың тасын өрге домалатып жүрген әйелдердің қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, Кәсіпкерлікті дамыту қорының мәліметінше, бүгінде бизнеске ден қойған әйелдердің саны 51% жеткен. Кәсіпкер арулардың саны бұдан да көп болуы бек мүмкін. Себебі жиында әр өңірде әйел затын кәсіпкерлікке баулитын 17 орталық ашылатыны туралы айтылды.
Ал «Отбасы банкінің» төрағасы алдағы уақытта ипотекалық несие бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Мұндағы мақсат – қазақстандық аруларды баспанамен қамту. Ол үшін 38 млрд теңге қарастырылмақ. Бағдарлама игілігін шамамен 4 мыңға жуық әйел көреді.
Жадыраған көктемнің мерекесінде Мемлекет басшысы нәзік жандыларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- ХХІ ғасырда әйелдер, бір жағынан, сұлулық пен ізгіліктің бейнесі болса, екінші жағынан, тұтас еліміздің дамуына ұйытқы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, аруларымызға тән үйлесім, айрықша ұмтылыс, әр іске деген шығармашылық көзқарас, еңбекқорлық пен жауапкершілік – ұлтымыздың жаңа болмысын нығайтатын қасиеттер. Баршаңызды алдағы Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсауылқ, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.