Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне қатысты
Соның бірі – теміржолдар салу. Бұл ретте Президенттің ойынша, Қазақстан-Түркіменстан-Иран бағытындағы шойын жолдың қуатын толық пайдаланатын кез келді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркістан мен Ташкент арасын жалғайтын теміржол қос елдің байланысын жандандыра түседі», – деді.
Президент саммитте аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туризмді дамыту, денсаулық сақтау саласындағы өзара серіктестік туралы айтты. Биыл осы ұйымға мүше алты мемлекет тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтетінін де Мемлекет басшысы өз баяндамасынан қалыс қалдырған жоқ.
Қазіргі Экономикалық ынтымақтастық ұйымының он мүшесі бар. Ұйымның аумағы – Еуропа мен Қытай арасы. Құрылымның мақсаты – аймақтық ынтымақтастықты арттырып, əлеуетін күшейту. Елдер арасындағы алыс-беріс әлемдік сауда айналымының 8% жетеді. Ұйымға мүше мемлекеттер өздерінің әлеуеті үшін бұл көрсеткішті тым аз деп санайды.