Алексей Цой коронавирусқа қарсы вакцинаның бірін Өзбекстанда шығаруды ұсынды
Ташкентке жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы елдің Денсаулық сақтау ведомствосының басшысымен кездесіп, Qaz-Covid-in препаратын көрші елдің фармацевтикалық кәсіпорындарында өндіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бүгінде отандық вакцина клиникалық сынақтың үшінші фазасынан өтіп жатыр. Препараттың алғашқы партиясын сәуір айында өндіріп, ал жаппай екпе егуді жазда бастау жоспарланған. Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда COVID-19 қарсы бес вакцина әзірленіп жатыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Біз өзбекстандық әріптестерімізге Қазақстанда өндіріліп және әзірленіп жатқан вакциналар туралы айттық. Осы орайда коронавирусқа қарсы препараттардың бірін Өзбекстанда шығаруды ұсынып отырмыз. Бұл сұрақты әлі талай талқылаймыз. Біздің сарапшылар осы мәселе бойынша егжей-тегжейлі жұмыс істейді.