Сенатта «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар туралы» заң жобасы таныстырылды
Аталған құжат Сенатта таныстырылды. Жұмыс тобы осы заң жобасын әзірлеу барысында 69 ұсыныс дайындаған.
Жұмыс тобының жетекшісі, сенатор Ерік Сұлтановтың айтуынша, ескі заңға бас-аяғы 21 өзгеріс енгізілмек. Жаңа құжаттың ең басты жаңалығы –«әлеуметтік кәсіпкер» деп санауға болатын адамдар үшін негізгі 4 талап енгізілмек. Олардың үшеуі халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтамасыз ету, олар өндірген тауарларды өткізуге қолдау көрсету болса, төртіншісі – әлеуметтік проблемаларды шешуге белсенді атсалысуы тиіс. Сондай-ақ заң жобасында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен өңірлік комиссиялардың тізімін жасау ұсынылады. Осы комиссиялар есеп, мониторинг жүргізеді, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары бойынша шешім қабылдайды. Алдағы уақытта заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізіледі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Құжатта мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары мен тетіктері анықталады. Мұндай кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдаудың маңызы аса зор. Өйткені олар жұмыс барысында дәстүрлі бизнеспен бәсекелесуге мәжбүр болады. Мұндай бәсекеде жағдайдың тең еместігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан осы мәселе бойынша заң жобасына нақты ұсыныстар енгізілді.
Ардақ Оторбаев, «Дос» Тәуелсіз өмір орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
- Заң жобасында жағдайы төмен азаматтарды жұмыспен қамту, оларды жұмысқа орналастыру, оқыту, кәсіптің мамандығы ретінде жолға қою мәселелері қарастырылып жатыр. Әлеуметтік кәсіпкерлеріміздің деңгейі, хал-ахуалы көтеріледі деген ойдамыз.