Мемлекет басшысы онлайн форматта өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысты
Кездесу Түркістанда өтуі керек еді, бірақ бәрімізге белгілі себеппен онлайн форматта өтті. Бейресми саммитке бейнебайланыс арқылы Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан басшылары мен Венгрияның Премьер-Министрі қатысты.
«Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің астанасы» деп аталып отыр», – деді жиынды ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрметті Мемлекет басшылары, аса құрметті Елбасы, ең алдымен ұсынысымызды қабыл алып, бүгінгі бейресми саммитке қатысуға келісім бергендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл басқосуды бәріміз үшін қасиетті Түркістанда ұйымдастыруды жоспарлаған едік. Алайда пандемияға байланысты күрделі ахуалға орай біз саммитті онлайн форматта өткізуді жөн көрдік. Індеттің беті қайтқан соң, бұрынғыдай бетпе-бет жүздесеміз деп сенемін. Түркілер Кіші Азияға бет бұрғанда бұл құндылықтар түп-тамырымызды сақтап, бірлігімізді бекем ұстауға негіз болды. Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр.
Саммит аясында Түркі кеңесінің қызметін одан әрі жетілдіру бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз ойын ортаға салды. 2019 жылдың соңында Бакуде болған басқосуда Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Түркі әлемінің елдерін дамытуға қосқан үлесі үшін Кеңестің құрметті төрағасы мәртебесі берілген болатын.
Бейресми саммите Құрметті төраға көпке ортақ көп мәселені атады. Соның бірі – коронавируспен тізе қосып күресу. Елбасы ұйымның құқықтық мәртебесін арттыру жайын да айтты. Онлайн саммит аясында кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары сөз алып, ұйым аясындағы байланыстарды бекемдей түсетін ұсыныстарын айтты.
Анықталғандай, елдер арасындағы алыс-беріс те, барыс-келіс едәуір кеміген. Мысалы, өткен жылы Қазақстанның түркі тілдес елдермен сауда-саттығы 11,2% азайған. Осы ретте Қазақстан Президенті Түркі инвестициялық қорын тез арада құрып, оның кеңсесін Астана қаржы орталығында орналастыруды ұсынды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университеті түркі елдерінің студенттеріне 50 грант тағайындауға дайын екенін хабарлады.
Жиын соңында түркі елдерінің мәдени құндылықтарына және Кеңестің мәртебесіне қатысты Түркістан Декларациясы қабылданды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
- 2020 жылы басталған COVID-19 пандемиясы әлемді мүлдем өзгертті деуге болады. Осындай қиын-қыстау кезеңде біздер, түркі атаның балалары ретінде адамгершіліктен аттамай, бірлігімізді сақтап қала алдық деп ойлаймын. Арамызда өзара гуманитарлық көмек арналары ашылып, бір-бірімізге қолдау көрсеттік. Бізді түркі жанұясының дамуының стратегиялық көкжиектері мен магистральдық бағыттардан алшақтатпауы керек.