СҚО, Ақмола облыс әкімдері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон арқылы есеп берді
Соның бірі – Ақмоланың әкімі Ермек Маржықпаев Президентке өңірдің дамуы, су тасқынына қарсы іс-шаралар мен вакцинациялау барысы жайында айтып берді. Әкім Аршалы мен Целиноград аудандары тұрғындарын газбен қамту жұмысы жоспарға сай жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ әкім Қосшының әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту жұмыстарын жүргізіп жатқанын да хабарлады. Бұл Президенттің өз тапсырмасы болатын.
Мемлекет басшысы телефон арқылы сөйлескен тағы бір өңір әкімі – Құмар Ақсақалов болды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Президентке аймақтағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайын айтып берді. Қазір облыс көктемгі егіс жұмыстарына әзірлікті бастап кетті. Мұнымен қоса, Құмар Ақсақалов «Еңбек» бағдарламасы аясында өзге өңірлерден солтүстікке қоныс аударған азаматтарды баспанамен толық қамтуға уәде етті. Қасым-Жомарт Тоқаев қос әкімге өңірдегі эпидахуалды тұрақтандыруды, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізуді және басқа да бірқатар тапсырмалар жүктеді.