Мемлекет басшысы бірқатар қабылдау өткізді
Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеті бағыт бойынша жүргізіп жатқан жұмысының бір нәтижесі. Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақордаға келіп, атқарған шаруаларының жай-жапсарын Президентке баяндады. Пандемия Рамазан айындағы амалдарды орындауға бірқатар өзгеріс енгізді. Қасым-Жомарт Тоқаев жамағатты сабырға шақырып, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып, көп ұзамай мешіттердің ашылатынына сенім білдірді.
Кездесу соңында Президентке жақында жарық көрген «Тәпсірлердің таңдаулысы» атты Құранның қазақ және орыс тілдеріндегі 8 томдық аудармасы табысталды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевті де қабылдады. Мемлекет басшысына алғашқы тоқсандағы еліміздің экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Экономиканың нақты секторындағы ахуалға және жалпы ішкі өнімге қатысты болжамдар баяндалды. Шағын және орта бизнесті қолдау, макроэкономикалық тұрақтылық пен өңірлік дамудың тепе-теңдігін сақтау жайлы да сөз болды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрге бюджет саясатының тиімділігін арттыруға, өңірлік саясатты жетілдіруге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.