Мәжілісте жерді шетелдік азаматтарға сатпау туралы заң жобасы мақұлданды
Президент бастамашы болған құжат ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындарға сатуға және жалға беруге тыйым салуды көздейді. Осы заң жобасы бойынша тек соңғы уақыттың өзінде 3 жұмыс тобының отырысы және аграрлық мәселелер комитетінің екі кеңейтілген отырысы өтті.
Айта кетейік, мұның алдында жерді өзгелерге жалға беруді қарастыратын заң жобасы 2016 жылы жасалған еді. Бірақ оның мазмұны үлкен дауға себеп бола жаздады. Жағдайды саралаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заңда қарастырылған ережелерге 5 жылдық мораторий жариялаған болатын. Сол мерзім биыл аяқталады. Мәжіліс мақұлдаған құжат енді Сенат қарауына жіберілді. Заң барлық сатыдан өтіп қабылданса, шетелдіктердің қазақ жерін сатып немесе жалға алуына қатысты мәселеге нүкте қойылады. Сондай-ақ қандастар да азаматтық алғанға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға ала алмайды.
Сонымен қатар Мәжілістің жалпы отырысында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының және Арменияның қосылуына байланысты хаттамаға өзгеріс енгізу туралы заң жобалары да мақұлданды. Құжат үшінші елдерден әкелінетін кейбір тауарлардың кедендік тарифін реттеуді көздейді.