Қ. Тоқаев «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесті
Биыл жеңімпаздар қатары тағы 30 жанмен толықты. Жас ерекшелігі бойынша бұл маусымдағы жеңімпаз құрам ең жас құрам саналады екен. Соған қарамастан жеткен жетістіктері мен бағындырған белестерін көргенде таң қалмасқа шараң жоқ.
Олардың ішінде өнертапқыштар, талай ауруға ем болған вакцинаны ойлап тапқан ғалымдар бар. Қазақтан шыққан тұңғыш хоккейст қызды да, тұңғыш ұшқыш аруды да «100 жаңа есімнің» қатарынан таба аласыз. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоба қатысушыларымен онлайн кездесу өткізіп, жеңістерімен құттықтады.
Алпауыт АҚШ-тың радио желісіне ену оңай шаруа емес. Бірақ Нью-Йорк төрінен қазақтың үні тарай бастағанына да жарты жылдан асыпты. «Қазақ тайм» бағдарламасы «Freedom FM» радиосының желісінен шығады. Сондықтан оны жер жаһан жаппай тыңдайды деген сөз.
Ақжолтай жаңалықтың басы-қасында жүрген жобаның авторы Данияр Қожан бүгін кіл мықтылар ғана енетін «100 жаңа есімнің» бірі атанды.
Данияр Қожан, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Бізді қазақ деп, қазақстандық деп біле қоймайды. Аз біледі. «Қазақстан» десең, Қытай ма, Ресей ме, қай жер деп сұрайды. Соған мен намыстанатынмын. Соған байланысты осы «Қазақ тайм» бағдарламасы арқылы бүкіл әлемге осындай еліміз бар екенін жеткізгім келеді. Қазіргі таңда аптасына 2 сағаттан бір-ақ рет шығып отырмыз. Ол да жетіп жатыр. Біздің әндерімізді халық ести бастады. М ен әрқашанда тек қазақ әндерін қоямын.
Ал жас өнертапқыш Санжар Тайжан өз командасымен бірлесіп, батареямен қозғалатын электр көлік ойлап тауыпты. «Сағатына 500 шақырым жылдамдықпен жүре алады», – дейді. Ертегідей естіледі, бірақ бәрі де мүмкін. Өйткені оның жобасын әлемге танымал америкалық өнертапқыш Илон Масктің өзі жоғары бағалап отыр. Жерлесіміз миллиардердің өзі ұйымдастырған байқауда әлемнің 1600 мықтысының арасынан қара үзіп, ондыққа енді.
Санжар Тайжан, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Біз екі ай бұрын финалға өттік. Ең үздік үштікке іліктік. Қазір прототип машинаны дайындап, Америкаға барамыз. Сол жақта Илон Маскпен кездесіп, оған технологияны көрсетеміз.
Қазіргі заман – білім мен ғылымның дәуірі. Ойы ұшқыр жастардың еңбегіне Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Санжар мен Дамир жоғары технология саласында бірегей жобаларды жүзеге асырды. Болашақтың кілті инновацияда екенін білесіздер. Қазір робот жасау ісін ғарышты игеруге баса мән берген жөн. Мемлекет талантты азаматтардың жаңа бастамаларына барынша қолдау көрсетеді.
Ал Ахат Американы бағындырмаса да, ауылда жүріп-ақ, атан түйеге жүк болар шаруаны атқарып жүр. Өзі туып өскен ауылға салынған 100 метрлік көпірдің сызбасын өзі сызды, құрылыстың басы-қасында жүрді. Қарапайым мектеп мұғалімінің жобасы кәсіби архитекторлардың жұмысына бір мысқал кем емес. Ауыл арасын жалғап тұрған көпірді қазір жерлестері «Өмір жолы» деп атайды.
Ахат Рақышев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Кезінде ауыл ақсақалдары осындай бір көпір қажет боп жүр еді, «қолға алып, аяғына дейін жеткіздіңдер» деп батасын да берген. Қазір өте қуаныштымын. Негізі мен «100 есімге енемін» деп, елордада «сөз сөйлеймін» деп ойлаған жоқпын. Жәй ғана ауылымыздың қажеттілігін орындап, өзіміз жақсы болып жүргенбіз.
Биылғы «100 жаңа есімнің» қатарында міндетті түрде болуы тиіс бір мамандық болса, ол – вирусологтар. Пандемия кезеңі олардың еңбегі өлшеусіз екенін дәлелдеп берді. Қайсар Табын басқаратын ғылыми топ бүгінге дейін 10 түрлі вакцина жасап шығыпты. «Құс тұмауы», «шошқа тұмауы» секілді індетке қарсы вакцина да бар арасында. Бұл екпелердің 60% тиімділігін дәлелдеп, елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.
Қайсар Табын, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Шетелдік әріптестермен бірлесіп жалпы коронавирусқа қарсы екі вакцина кандидатын әзірлеп жатырмыз. Қазіргі таңда бұл вакциналар клиникалық зерттеудің соңғы сатысында. Біздің үлкен үмітіміз бар, биыл толық клиникаға дейінгі зерттеудің соңғы сатысынан өтіп, одан кейін келесі жылы адамдарға зерттеу жүргіземіз.
Терең білімін озық тәжірибемен ұштастыра білген осындай азаматтар ғана елімізді алға жетелейді. Тәуелсіздік кезеңінде өсіп жетілген бұл буынның қарым-қабілеті шынымен таң қаларлықтай.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз түрлі салада жетістікке жеткен осындай отандастарымыздың еңбегін дәріптеуіміз керек. Өйткені табысты жандардың тәжірибесі әрдайым басқаларға үлгі-өнеге. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді, ұқсауға тырысады. Мен еліміздің әрбір перзенті сіздер сияқты өнегелі болсын деп тілеймін. Қазақ: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» – деп дара тұлғаларының мерейін асырған. Бүгінгі белес сіздерді жаңа биіктерге бастайды деп сенемін.
Биыл байқауға жер-жерден 2800-дей адам қатысқан. 900 мың адам белсенді дауыс берген. Бұл жоба тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Жеті бағыт бойынша анықталған ерекше есімдердің қатарында білім, мәдениет, спорт, медицина және бизнес өкілдері бар.
Дулат Тастекеев, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:
- Бізде «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» дейтін ұғым бар. Осының аясында біз өңірлердің дамуына барынша үлес қосып жүрміз. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында үш мешіттің, Семей қаласындағы орталық мешіттің, стадион мен мұражайдың құрылысына қаржы бөлдік. Жол төсеп бердік. Алты жылдан бері айтыс өткізуге де қолдау көрсетіп келеміз.
Осы уақытқа дейін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына 7,5 мың адам қатысыпты. Президент жеңімпаздардың есімін де, ерлігін де жатқа біледі. Талай жанға перзент сүю бақытын сыйлаған дәрігер-репродуктолог Алмаз Ибрагимовтың, Grammy сыйлығын жеңіп алған Иманбек Зейкеновтің есімдерін ерекше атады. «Кез-келген статистикалық жетістік мұндай жандардың жеңісіне тең келмейді», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек. Солай боларына кәміл сенемін. Осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі реформаларды міндетті түрде жалғастырамыз.
Табысты азаматы неғұрлым көп болса, мемлекет те бәсекеге соғұрлым қабілетті бола түседі. «Жүз жаңа есім» жобасының мақсаты да осы. Талантты, табысты жандарды таныту, сол арқылы танылу.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Таир Мерекенов,