Барлығына қарсымын: енді сайлау бюллетеньдеріне баған енгізіледі
Енді үлкен саясат ауылдарға да жетпек. Қазақстанда барлығы 2 345 ауыл бар, 836-сы ауыл әкімінің мерзімі биыл аяқталады. Демек, осы жылдың екінші жартысында осынша әкім түзелген һәм күзелген жаңа заң бойынша тікелей сайланады. Оған біліктілігі бар 25 жасқа толған кез келген азамат қатыса алады.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Осы заң жобасы тікелей Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді. Онда Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетенге қатысты ұсыныстары енгізілді. Осының барлығы – Мемлекет басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы бір нақты қадам.
Биыл ауыл әкімдерін сайлауға республикалық бюджеттен 4 млрд 800 млн теңге бөлінеді. Келесі жылы 351 ауыл әкімін сайлауға 3 млрд 100 млн теңге қарастырылып отыр. Ал 2023 жылдан бастап мұндай сайлау өткізудің жүгі жергілікті бюджетке түседі. Таңдау еркіндігі. Сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсымын!» графасын енгізу де Президенттің өз тапсырмасы болатын.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз бұл нормалар Қазақстандағы демократиялық процестердің жақсаруына жетелейді деп санаймыз. Бұл заң жобасы елдегі саяси партиялардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі саяси рөлін нақтылап әрі жоғарылата түседі.
Мәжіліске өту межесі енді 5% түсті. Яғни енді қосымша 2% дауыс жинау қажет болмайды. Бұл өзгеріс әсіресе биылғы жылдың басында өткен парламент сайлауынан кейін өзекті бола түсті. Сонымен, құжат Сенатқа жөнелтілді. Олар қабылдаса Президент қол қойып, содан соң Қазақстанның ауылдары да саяси жаңғырудың жолына түседі.
Авторы: Гүлжан Марқабаева