Ауыл әкімі сайлауына 25-ке толған азаматтар қатыса алады
Сайлауға жасы 25-ке толған азаматтар қатыса алады. Сенат сайлау туралы конституциялық заң жобасын қабылдады. Осылайша тұрғындар ауыл әкімдерін өздері сайлап, жергілікті басқару құрылымын нығайту ісіне араласа алады. Қазіргі таңда елімізде 2 345 ауыл әкімі жұмыс істейді. Заң күшіне енгеннен кейін, осы жылдың екінші жартысында 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланбақ. «Әкімдердің төте сайлануы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттіліктеріне назар аударуына ықпал етеді», - деді сенаторлар.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.
Елімізде жергілікті биліктің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейтуге қатысты заңның қабылдануын сарапшылар да оң бағалап отыр.
Себебі ауылға бас-көз болатын адамды, яғни басшыны жергілікті халық өзі таңдауы тиіс. Талай жылдан бері айтылып келе жатқан бастама енді өз жемісін беруге жақын.
Бұл реформа енді әр ауылға шапағатын тигізуі тиіс. Құжатта оған негіз болатын барлық тетік жан-жақты қамтылған. Яғни кандидаттың жергілікті тұрғын болуынан бастап, білімі, сайлауалды бағдарламасы сияқты жайттар маңызға ие. Оның сыртында ауылдың өз кеңесі құрылып, барлық шешім ортақ талқылау арқылы ғана қабылданады. Ал сайланатын әкім соны дұрыс ұйымдастыруға, әр істің тиімді жағын дәлелдей отырып атқаруға міндетті. Сондай-ақ ол аталған қабілетінің бар екенін сайлауға түскен сәтінде-ақ дәлелдей білуі қажет.
Марат Башимов, құқықтанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:
- Ең маңызды заң қабылданды. Өйткені әкімдерді сайлау деген демократияның принциптеріне сәйкес келеді. Біз сөзден іске көштік. Енді қарапайым азамат өзін әкімдікке ұсынуға құқылы.
Сондай-ақ Сенатта «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы да қабылданды. Бұл медицина және Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақыларын көбейтуге, студенттердің стипендиясын өсіріп, білім гранттарының санын арттыруға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымдық жобаларға да тың серпін беріліп, 3500-дей ауыл жаңғыртылмақ. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін бөлінген қаражат көбейтіліп, 106 миллиард теңгеге жетті. Осы қаржының есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделген. Сенат Төрағасы бөлініп жатқан қаражаттың тиімді жұмсалуы маңызды екенін айта келіп, Ұлттық қорға ауыз аша бермеу қажеттігін атап өтті.