Қазақстан мен Армения Президенттері екі ел ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады
Тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса мән бере отырып, қазақ-армян ынтымақтастығын дамыту мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша, Қазақстан мен Армения арасында байланыстардың әлеуеті қазіргіден әлдеқайда жоғары. Бұл пікірімен Армен Саркисян да келіседі. Нұр-Сұлтан мен Ереван арасындағы байланысты одан әрі кеңейтудің әлеуеті зор. Осы ретте айта өту керек, өткен жылы Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы 15 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30% артық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Армения – бізге достас мемлекет. Елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынас ежелден келе жатқан дәстүрлерге негізделеді. Әрине, біз ықпалдастығымыздың бір жерде тұрып қалмай, жаңа мазмұнмен толыға отырып дамуына мүдделіміз. Сондықтан елдеріміздің үкіметтері мен нақты салалық ведомстволары осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатыр. Елдер арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың көрсеткіштерін жақсарта түсетін үлкен әлеует бар. Оның үстінен біз – Армениямен Еуразиялық экономикалық одақ, Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Біріккен Ұлттар ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді халықаралық ұйымдарға мүшеміз. Осы ұйымдар аясында да ықпалдастығымыз жақсы қарқынмен жалғаса беретініне сенімдімін.
Армен Саркисян, Армения Республикасының Президенті:
- Мен үшін Қазақстанға келу белгілі бір мағынада өз үйіме, достарыма келгенмен бірдей. Өзіңіз айтқандай, біздің халықтарымыз арасындағы қарым-қатынас өте жақсы және оның тарихи тамыры тереңде. Екі ел байланысының барлық салада әлеуеті өте жоғары, бұл пікіріңізбен мен келісемін. Мен елдер арасындағы байланыстардың кеңейіп, тереңдей түскенін жақтаймын.