Сенат төрағасы М. Әшімбаевтың Өзбекстанға сапары жалғасуда
Трансшекаралық су ресурстары мәселесін шешуге сенаторлар да мүдделі екенін айтты. Жоғарғы палата төрағасы Олий Мәжілісі Заң шығару Палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен кездесіп, осы өзекті мәселені талқылады. Отырыс барысында Сенат төрағасы трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару, қолдану әрі сақтау жөнінде келісімге келудің маңызды екенін айтты. Қазір екі ел үкіметтері арасында арнайы келісім талқыланып жатыр. «Осы ретте министрлер кабинетіне Парламент тарапынан қолдау көрсету аса маңызды», – дейді, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазір екі елдің үкіметтері трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару жөніндегі келісімді қарап жатыр. Құжатты талқылау барысында туындаған өзекті мәселелер де біртіндеп шешімін табуда. Бұл ретте осы келісімді қабылдау біздің аймақтарымыздағы су ресурстарын пайдалану жөніндегі әріптестік аясын кеңейтпек. Сондықтан біз Парламент өкілдері барынша қолдау танытуымыз аса маңызды.
Кездесу барысында Өзбекстан депутаттары қазақстандық әріптестерінің халықаралық деңгейдегі бастамаларын құптайтындықтарын айтты. Қазақстандық тарап бауырлас елмен әріптестіктің дамуына ризашылығын білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендігін жеткізді.
Расул Көшербаев, Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң Шығару Палатасының депутаты:
- Бүгінгі кездесуде Қазақстанның халықаралық деңгейде жасап жатқан жоспарын Өзбекстан тарапы қалай қолдайды немесе Өзбекстан Парламенті оған қалай қарайды? Қай позицияда екендігі қызықтырды. Сонымен қатар «Өзбекстан Президентінің БМТ-ның жақында болып өткен жиналысында көрсеткен әрі ортаға тастаған мәселелерін Қазақстан Парламенті қалай қолдайды» деген мәселелер бүгін айтылды. Екі мемлекет Парламенттері бұл мәселелерге қолдау білдірді.