Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметтерінен босатылды
Бұл жайлы Мемлекет басшысының баспасөз-хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды. Президент сапасыз баспаналар туралы «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Заложники равнодушия» атты мақаладан оқып-біліп, бірден тексеру жұмыстарын жүргізуге тапсырма берген. Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша мақалада келтірілген деректер расталып, мұндай олқылықтарға жол бергені үшін қос әкім қызметінен кетті.
Айта өту керек, сапасыз баспаналар туралы «Хабар» телеарнасының тілшілері де түсірген болатын. Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың басшысы, сондай-ақ бес ауданның әкімдері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.