СҚО-дағы Сергеев қоймасында судың деңгейі 8 сантиметрге жетті
Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев қоймасында судың деңгейі 8 сантиметрге жетті. Бұл рекордты көрсеткіш. Бұрын-сонды болмаған табиғи құбылысқа не себеп? Қоймадағы су деңгейі Есіл өзенінің көтерілуіне әсер ете ме?
Сергеев су қоймасының жалпы сыйымдылығы 700 млн текше метр. Былтыр көктемде лық толған бөген әлі күнге дейін тасып тұр. Қазір Есіл өзеніне бөгет үстімен секундына 28 текше метр су төгіледі. Бұл бұрын-сонды болмаған құбылыс.
Асхат Бәкішев, «Қазсушар» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
- Әдетте Сергеев қоймасындағы судың бөгет үстімен ағуы тамыз, қыркүйек айларында тоқтайтын. Тек 2019-да тасқын болған жылы қарашаның 12-і басылған. Бірақ қазіргі құбылыс Петропавл гидроторабына салмақ түсірмейді. Керек болған жағдайда судың өтуін реттей аламыз.
Мамандардың айтуынша, қазір өңірде Есіл өзенінің көтерілуі байқалады. Оған көктемгі тасқын, жаз бойы жауған жаңбырлар мен жерасты сулары әсер еткен. «Сергеев су қоймасының тоқтамай тасуы да содан», - дейді синоптиктер.
Дәурен Қосшығұлов, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:
- Өңірде топырақтағы ылғал қоры кей жерлерде 3 есеге дейін көп. Бұл көктем кезінде еріген қар суының сіңуіне кері әсерін тигізеді. Маусымдық болжам бойынша қардың жаууы да шамадан тыс болады.
Өңірде 19 гидрологиялық бекет бар. Мамандар өзен-көлдердің деңгейін өлшеп, қардың ылғалдылығын есептеп шығарады. Көктемде су тасқыны бола ма, жоқ па ол жағы ақпан айында анықталмақ.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков