Биржадағы сауда-саттықты тәртіпке келтіру туралы Президент тапсырмасы жүзеге асты
Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында мәлімет жариялады. 2020 жылғы халыққа Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев биржадағы сауда-саттықтың ел экономикасындағы рөліне тоқталып: «Ең алдымен, мұнай өнімдері, электр энергиясы, көмір саудасына қатысты бұл саладағы ірі компаниялардың көзбояушылығына жол беруге болмайды», - деген еді.
«Сол тапсырма аясында ведомствоаралық консультативтік-кеңесші орган – Биржа комитеті құрылды. Биржалық тауарлар тізіміне битум енгізіліп, 31 наурызда бензин мен битум биржалық саудаға шығарылды. 24 мамырда көмірдің шағын партиялары өңірлік операторларға сатыла бастады. 16 маусымда тауар биржалары мен ондағы бағаға мониторинг жүргізетін Ахуалдық орталық іске қосылды», - деп жазылған Faceebook-тегі мәліметте.