Қазақстанда күзге қарай ауқымды 10 ұлттық жоба басталуы мүмкін
Оның ішінде «Дені сау ұлт», «Bilimdi Ult», «Қауіпсіз ел», «Су ресурстарын басқару», кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секілді ірі жобалар бар. Әрбір ұлттық жобадан күтетін нәтиже де айтылды. Мысалы, «Дені сау ұлт» жобасы аясында қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын 74-ке жеткізу межеленсе, «Білімді ұлт» жобасы аясында білім берудің қала мен ауыл арасындағы айырмашылығын азайту көзделіп отыр.
Қайрат Келімбетов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы:
- Егер бұл жобалар қабылданып жүзеге асса, 1 млн астам жаңа әрі тұрақты жұмыс орны ашылады. Қалалар мен өңірлер халқы арасындағы өмір сүру айырмашылығы шамамен үш есеге қысқарады. Сондай-ақ білім алудағы теңсіздіктер де жойылады. 100 млн шаршыметр баспана салынып, осы ұлттық жобалардың арқасында 37 трлн теңге инвестиция тарта аламыз.
Жалпы осы он ұлттық жобаны жүзеге асыруға 78 трлн теңгеден астам қаржы қажет болмақ. Соның 36,8 трлн бюджеттің есебінен болса, қалғаны инвестиция арқылы тартылмақ. Бірақ біздің бюджеттің мүмкіндігі – 20 трлн теңге. Сондықтан ұлттық жобаларды қаржыландыру қайта қаралуы мүмкін. Жалпы бүгін бұл жобалар алдын ала мақұлданса, қыркүйек айынан бастап жүзеге асырыла бастауы әбден мүмкін. Бірақ бүгін Президент осы жобаларды жүзеге асырудағы өз күдігімен бөлісті. Оның негізгісі, әрине – жемқорлық.
Қасым-Жомар Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біздің кеңес бұл армандаушылардың клубы емес. Біз халықтың қазіргі көңіл-күйін көріп, күн санап көтеріліп жатқан азық-түлік бағасы, қуаңшылық мәселелерін дәл қазір шешуге тырысуымыз керек. Сондықтан көкте қалықтамай, жерге түсуіміз қажет. Біз бұл жобаларды жүзеге асыруға үлкен қаржы керек. Тек қана 20 трлн керек бюджеттен бөлу болса, екі есе көп қаржыны инвестициялық ресурстартан тарту көзделіп отыр. Бірақ мені бұл ретте бір нәрсе алаңдатады. Ол бәріңізге таңсық емес деп ойлаймын. Ол – коррупция. Үкімет үлкен жобаны жүзеге асыра бастаса, оның айналасына жем іздеген тауықтай, өз қалтасына қаржы басқысы келетіндер көбейіп кетеді. Сондықтан Үкіметке ескерткім келеді, жұмысты бастамас бұрын, бәрін жақсылап тұрып ойланған дұрыс.