Сындарлы сабақтастық кезеңі
Осы уақыт аралығында сындарлы сабақтастық салиқалы жалғасын тауып, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті іске асырылып келеді. Президент ұсынған өзекті бастамалар халықтың көкейкесті мәселелерінің түбегейлі шешімін тауып, қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеріп, тұрмысын жақсартуға оң ықпалын тигізуде.
Ел тілегі ескерілді
Жер дауы мен жесір дауы көне дәуірден бері қазақ халқы үшін аса маңызды болған. Содан шығар, 2016 жылы елімізде жерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге қарсылық білдірген халық тілегін ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселе бойынша 5 жылға мораторий жариялаған болатын. Биыл оның мерзімі аяқталмақ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға, жалға беруге арнайы тоқталып, президенттік заң шығару бастамасын пайдаланып, жерге қатысты заң жобасын Мәжіліс қарауына ұсынған еді.
Таяуда Президент Парламент қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осылайша, қоғамды жылдар бойы толғандырған жер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпағына аманат еткен қазақ жері шетелдіктерге сатылмайтын және жалға берілмейтін болып шешілді. Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесі мен ел мәселесінің, яғни өзі ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен өзектес екен тағы бір мәрте аңғартты. Мемлекетшілдік саясатының бірізділікпен жүзеге асатынын, оның нәтижесі халықтың ойымен қашанда үндесетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар кейінгі екі жыл ішінде халық тұрмысына қатысты бірқатар игі бастама жүзеге асты. Мәселен, біржолғы кредиттік амнистия жарияланып, 500 мың адамның несиесі кешірілгені мәлім. Сондай-ақ коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, қазақстандық бизнеске несие беру көлемін азайтпау жөнінде шаралар қабылдауға тапсырма берілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді.
700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 трлн теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Президенттің тапсырмасымен 2020 жылы 492,5 мың педагогтің жалақысы 25 пайызға өсті. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы да 25 пайызға ұлғайтылды. Ал педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейтілді.
Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2%-ға өскен. Бірақ пайдалануға берілген дайын үйлердің 40%-ы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында салынғанына көңіл аударған Президент ауылдық мекендерде де баспана салу қолға алынатынын жеткізді. Егер өңірлерде баспана көптеп салынса, ауылдарға жастарды, қажетті мамандарды тартуға болатыны сөзсіз. Жастар демекші, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін дарынды жас кадрларға ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві құрылғандығы – соның айғағы.
Кейінгі екі жыл әлемде де, елімізде де төтенше жағдайларға толы болды. Президенттік сайлаудан көп өтпей-ақ Арыстағы қару-жарақ қоймасы жарылды. Соның салдарынан қаладағы үйлер қирап, көптеген тұрғын баспанасыз қалды. Осы бір сын кезде Мемлекет басшысы Арысқа арнайы барып, ахуалмен тікелей танысып қайтқаны есімізде. Ал былтыр Қордайдағы жанжал өзекті əлеуметтік мəселелердің тұтас шоғырын көрсетіп берді. Өзбекстанда жарылған су қоймасы Мақтаралдағы ағайынды әбігерге салды. Осындай жағдайдың бəрінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл ден қойып, батыл шешім қабылдауы халықтың билікке деген сенімін күшейте түсті.
Дағдарыс дауасы
Бір жыл бұрын дәл осы кезеңде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялап, шартараптың түкпір-түкпірінің етек-жеңін қымтауға кірісті. Бүкіл әлем бетперде киіп, үйге тығылды. Жер-жаһанды теңселткен вирус Қазақстанды да айналып өткен жоқ.
Әлемде алшаң басқан індеттің біздің еліміздегі қарқыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған шешімдерінің арқасында айтарлықтай бәсеңдеді. Мемлекет басшысы коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына байланысты халыққа Үндеу жариялап, елімізде 30 күндік төтенше жағдай енгізіп, алғашқы толқынның алдын ала білді. Дер кезінде қатаң карантин жарияланып, сақтық шараларын сақтаудың арқасында эпидемиялық жағдайдың тым ушығуына жол берілмеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз қызметінде халық денсаулығын қорғау, экономиканың тұрақтылығы мен даму қарқынын сақтау, білім беру салаларын басты назарда ұстады. Соған сәйкес маңызды шешімдерді жедел қабылдап, оны жүзеге асыруды Үкімет пен әкімдерге жүктеп, нәтижесін жіті қадағалап отырды. Ең алдымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шұғыл түрде жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық стационарлар салынды. 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді.
Пандемия кезінде 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді.
Індет басталысымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлердің әкімдері азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын бақылау жұмыстарын белсенді жүргізді. Соның арқасында еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алды. Сондай-ақ Президент пандемиядан қайтыс болған азаматтар рухы алдында тағзым ету үшін 13 шілдені Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджет қаражаты халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттау үшін қайта қаралды. Атап айтқанда, жоспарланған барлық іс-шара онлайн форматқа көшірілді. Еліміз бойынша қашықтан оқу, қашықтан жұмыс істеу тәсілі енгізілді. Пандемия кезіндегі үнемделген қаражат экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, дағдарыстан зардап шеккен халықтың әл-ауқатын арттыруға және басқа игі істерге жұмсалды. Президенттің тапсырмасы бойынша пандемияның салдары мен одан туындаған экономикалық қиындықтарды еңсеруге 5,9 трлн теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және материалдық қолдау мақсатында коронавирус жұқтыру қаупінің дәрежесіне қарай жалақыларына үстемеақы қосылды. Дәрігерлердің жалақысын экономикадағы орташа жалақы деңгейіне дейін көтеру міндеті қойылды. Осы мақсатпен биыл республикалық бюджеттен 196,5 млрд теңге бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасы әзірленіп, Қазақстан пандемияға қарсы ем тапқан әлемдегі бес елдің қатарына қосылды.
Сонымен қатар, дағдарысқа қарсы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы іске қосылды. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге бөлінді. Пандемияның ауыртпалығына қарамастан, өндіріс көлемі, ауыл шаруашылығы өнімдері, экспорт ұлғайды. Осы ретте IT және туризм салаларына тартылған ірі көлемдегі инвестицияны айта кету керек. Соның нәтижесінде 300 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Саяси өзгерістер – уақыт талабы
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясына сәйкес қоғамдық өмірді одан әрі демократияландыру бағытында бірталай маңызды өзгеріс жасалды. Президенттің бастамасымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Онда көтерілген көкейкесті мәселелер жан-жақты зерделеніп, тиісті шешімдерін тауып, еліміздегі демократиялық үрдістерді одан әрі ілгерілетуге бағытталған бірқатар заң қабылданды. Соның ішінде, бейбіт шерулерге байланысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, митингілер тек хабарлама беру арқылы өткізілетін болды.
Сондай-ақ сайлау туралы заңнамаға да елеулі өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едəуір жеңілдетілді. Партиялардың сайлау тізімінде əйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота белгіленді. Бұл қадам əйелдер мен жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысуына қосымша мүмкіндік берді. Аталған бастаманың нәтижесі биылғы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында анық аңғарылды. Мемлекет басшысының парламенттік оппозиция туралы ұсынысы да заңдастырылды.
Қоғамды демократияландыру бағытындағы тағы бір маңызды қадам – ауыл әкімдерін сайлау болғалы тұр. Биыл елімізде кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға дайындық жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша сайлау тамыз-желтоқсан айларында өткізу жоспарланған. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғаға айналатыны анық. Аталған мәселеге қатысты заң жобасы Парламентте қызу талқыланып қабылданды.
Демократияландыру үдерісі мұнымен шектеліп қалмақ емес. Келесі маңызды қадам – аудан әкімдерінің сайлауы болмақ. Осы бастамалардың ел өмірін демократияландырып қана қоймай, жергілікті басқару институтын нығайтуға елеулі ықпалын тигізуі тиіс.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының бастамасымен адам құқығын қорғау, əйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, адам саудасы, мал ұрлығы, браконьерлік, көлікті мас күйде жүргізу сынды қылмыстарға қарсы заңнамалар қатаңдатылып, алдын алу шаралары күшейтілді.
Мемлекет басшысы ұсынған сыртқы саясаттың 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында да сындарлы сабақтастық бар. Ұлттық мүддені қорғай отырып, сыртқы саяси және экономикалық басымдықтарды ілгерілетуге басты назар аударыла бермек. Еліміздің стратегиялық саяси мақсаты ретінде тәуелсіздікті, мемлекеттің егемендігін және аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау көзделіп отыр. Сондай-ақ Орталық Азияда Қазақстанның көшбасшылық орнын нығайтуға және еліміздің ұзақ мерзімді мүдделеріне ерекше екпін беріледі.
Тұжырымдама халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосу, шет мемлекеттермен екіжақты және көпжақты форматта достық, өзара тиімді қарым-қатынасты сақтау, мемлекетаралық бірлестіктер және халықаралық ұйымдармен кешенді өзара іс-қимылды дамыту қарастырылған.
Президент өзінің сыртқы саясатқа қатысты жұмысында ашықтық, прагматизм және ымыраға келу секілді тәсілдерді қолдану арқылы Қазақстанның ұлттық мүдделерін сенімді қорғайды. Бұл тәсілдің тиімділігі Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуына байланысты төтенше жағдай кезінде анық көрінді. Екі елдің түсінісіп жұмыс істеуінің арқасында су тасқынының салдарын қысқа мерзімде жою мүмкін болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында Елбасы айқындаған көп векторлық саясат қағидасын ұстана отырып, стратегиялық серіктес елдер – Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия мемлекеттерімен, Еуропалық одақ, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерімен тең, достық қарым-қатынасты, сонымен қатар БҰҰ, ТМД, ЕАЭО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК секілді халықаралық ұйымдармен байланысты нығайта түсетінін мәлімдеген-ді.
Ол уәделер іске асырылып, Мемлекет басшысы өзінің халықаралық аренада еліміздің мүддесін қорғай алатын ірі саясаткер екенін көрсете білді. Мәселен, былтыр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн отырысында 2025 жылға дейінгі еуразиялық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы құжатты қабылдау идеясын қолдай отырып, стратегияның кейбір бөлімдерін қайта талқылап, əлі де пысықтай түсу керегін, денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларын ЕЭК-ның құзыретіне толық көлемде беру оның экономикалық бағытын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін екенін ескерткені, сондай-ақ ЕЭК-тің өкілеттігін кеңейту мəселелеріне мұқият болуға шақырғаны есімізде.
Биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ төрағалығын қабылдады. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына жолдаған Үндеуінде бірқатар маңызды мәселені көтеріп, ұйымның алдағы 5 жылдағы бағытын айқындап берді.
Түйіндей айтқанда, екі жыл ішінде атқарылған шаруаларды әлі де тізе беруге болады. Ең бастысы – Мемлекет басшысы көтерген бастамалар халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ел талабын ескеріп, нақты шешім қабылдайтынын талай мәрте дәлелдеді. Осы мерзімде атқарылған жұмыстарға қарап отырып, Президентіміз алдағы уақытта да елімізді Елбасы белгілеп берген «Қазақстан – 2050» Стратегиясының айқын бағытымен бұлжытпай алға бастап, халқымызды Мәңгілік ел болу мұратын орындау жолына жұмылдыра беретініне сенімдіміз.
Авторы: Абай Отар